Ведомстводан атап өткендей, Нұрасыл Болатқа қатысты сот актісі оның тіркелген жері бойынша Астана қаласының қылмыстық-атқару жүйесінің департаментіне жолданды.
«Астана қаласының Байқоңыр ауданы бойынша пробация қызметінің хатымен сотталушының мекенжайы үкімдегі тұрғылықты жерімен сәйкес келмеуіне байланысты материал орындалмай қайтарылған. Осыдан кейін, сот сотталушының нақты тұрғылықты жерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізді, өйткені оның деректерін сұраған кезде екі қалада орналасқан екі мекенжайы көрсетілген. ҚР Әскери сотының департаменті аталған іс жүргізудің ұзақтығының себептерін анықтау бойынша тексеру жүргізуде»,- деп атап өтті скери соттан.
Қазір іс бойынша сот актісі сотталғанның Алматы және Астана қалаларындағы тұрақты және уақытша тіркеу орындары бойынша пробация қызметіне жіберілді.
Осыған дейін әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың бостандығы шектелген ұлы Нұрасыл Болаттың түнгі уақытта емін-еркін жүрген видеосы тарағаны туралы жазған едік.
Еске сала кетейік, 2023 жылы ақпанда Нұрасыл Болат Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жыққан еді.
Кейін спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов баласының бұзақылық әрекетіне байланысты пікір білдірді.
Одан бөлек, Дәулет Тұрлыханов ұлының ісіне араласпайтынын айтты.
Ал, өткен жылы 2 шілде күні ол мерзімді әскери борышын өтеп жатқан жері – Қонаев гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінен қашып кеткен болатын.
Кейін көп өтпей табылып, қызмет атқаратын орнына жеткізілді.
Алматы гарнизоны бөлім бастығының бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2023 жылы 9 қазанда Дәулет Тұрлыхановтың ұлына сот үкімі шықты.
Прокурор сотталушы Б-ға 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады.
Биыл мамырда Жоғарғы сот Дәулет Тұрлыхановтың ұлына кесілген үкімді өзгертті. Содан соң Дәулет Тұрлыханов ұлының сот үкіміне қатысты пікір білдірді.