Астана әкімі G-Park-тің проблемалы үйлері туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазіргі уақытта «G-Park» компаниясы елорда аумағында 16 нысан салып жатыр. Олардың барлығы аяқталып, тұрғындар өз пәтерлерін алады. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейбір нысандар бойынша Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының сұрақтары бар. Олар құжаттардың толық сәйкес келмеуіне және құрылыс жұмыстарының кейбір құжаттарсыз басталуына қатысты. Бұл негізінен жерді рәсімдеумен байланысты. Қазір «G-Park» осы мәселелерді тез арада жоюмен айналысып жатыр және бүкіл нысандар заңды түрде салынатын болады», - деді әкім бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Жеңіс Қасымбек кеше «G-Park» кеңсесінде әкімдік өкілдерімен және үлескерлермен бірге кездесу өткенін атап өтті. Тұрғындарға қазіргі жағдай туралы толық мәлімет ұсынылған.

«Барлық нысанның құрылысы аяқталады. Олардың кейбірі межелі мерзімінен кешігіп жатыр. Бірақ әкімдік ол нысандарды қатаң бақылап отырады. Олар салынып бітеді және осы тұрғын үй кешендеріне инвестиция салған адамдар өз пәтерлерін алады», - деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.

Еске салсақ, биыл сәуірде жерді рәсімдеудегі заңсыз әрекеті үшін «G-Park» компаниясына тиесілі «Дублин» және «Вашингтон» тұрғын үй кешендері сүрілетінін жазып едік. Кейін «Вашингтон» тұрғын үйі сұрілмейтін болды, құрылыс компаниясына жіберілген ақауларды жойып, барлық қажетті рұқсат құжаттарын ресімдеу тапсырылды.