Жаңа қағидалар шартты және жоғары деңгейдегі автоматтандырылған басқаруы бар көліктерді елімізде сынақтан өткізу тәртібін айқындайды. Сондай-ақ пилоттық жобаға қатысушыларға, көлік құралдарына, оларды пайдалануға қойылатын талаптар, қауіпсіздік шаралары мен мемлекеттік бақылау тетіктері белгіленген.
Пилоттық жоба үш жыл бойы Астана, Алматы және Қосшы қалаларында жүзеге асырылады. Автономды көліктер алдымен арнайы полигондарда, кейін уәкілетті органдар бекіткен белгілі бір маршруттарда сынақтан өтеді.
Қағидаларда автоматтандыру деңгейіне қарай талаптар да нақты ажыратылған. Мәселен, шартты автоматтандырылған көліктерде жүргізуші міндетті түрде салонда болып, қажет болған жағдайда басқаруды өз қолына алуға дайын тұруы тиіс. Ал жоғары деңгейдегі автономды көліктердің ішінде жүргізушінің болуы міндетті емес. Бірақ мұндай көліктерді қашықтан бақылайтын оператор болуы қажет.
Қауіпсіздікке ерекше назар аударылған. Автономды көліктер оқиғаларды тіркейтін жүйемен, бейнекамералармен, төтенше жағдайда автоматты басқаруды өшіретін тетікпен, арнайы «Автономды басқару» белгісімен және бағдарламалық қамтамасыз етуді кибершабуылдан қорғайтын жүйелермен жабдықталуы керек.
Құжатта автономды көліктерді такси қызметінде және тұрақты емес жолаушылар тасымалында пайдалану тәртібі де қарастырылған. Сонымен қатар пилоттық жобаға қатысушылардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру талаптары белгіленген.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, пилоттық жоба автономды көлік технологияларын нақты жол жағдайында сынауға, оларды реттеудің тиімділігін бағалауға және осы саладағы заңнаманы жетілдіруге мүмкіндік береді.
Бірлескен бұйрықтың толық мәтіні бес жұмыс күні ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы мен Астанада жүргізушісіз такси жобасы іске қосылатынын жаздық.