НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Astana Open WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жүлде қоры 235 мың АҚШ долларынан асатын жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 408-орында тұрған Беларусь өкілі Вера Лапкомен күш сынасты.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басым түсті.
Екіншісінде де дәл сондай есеппен матчты түйіндеді – 6.4.
Сағат жарымға созылған бәсеке барысында Ю.Путинцева 3 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Қарсыласы 3 эйс, 1 (3 брейк-пойнт) брейктен аса алмады.
Ю.Путинцева жартылай финалға шығу үшін дүниежүзілік рейтингте 160-орында тұрған 21 жастағы ресейлік Анастасия Гасановамен таласады.
Ол тартысты матчта әлемнің 77-ракеткасы, хорватиялық Ана Конюхтан айласын асырып кетті – 2:6, 7:6 (7:4), 6:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Astana Open турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Бүгін Зарина Дияс ширек финалға шыға алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).