Астана — Павлодар тасжолының жөнделіп жатқан бөлігі қашан толық ашылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Астана — Павлодар автожолының Шідерті кенті маңындағы жөндеу жұмыстары алдағы бір жарым ай ішінде толық аяқталады деп күтіліп отыр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өңірлік филиалы мәлімдеді.

Фото: «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Павлодар облыстық филиалы

Астана — Павлодар автобанының бір бөлігі — Шідерті кенті маңындағы нашар жолдың мәселесі он жылға жуық айтылып келген еді. Жолдың бұл бөлігі асфальтпен көмкерілген. Жақын жердегі Бозшакөл кенішінің жүк көліктері бұл учаскені үнемі бүлдіріп, елордамен екі ортада жүретін көлік ағынына айтарлықтай кедергі келтірген болатын. Әсіресе 230-253 шақырым аралығы түнде жүрген уақытта қауіпті.

— Жөндеу жұмыстары республикалық маңызы бар «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — Ресей Федерациясының шекарасы» автомобиль жолының 230,544–253,120 шақырым аралығында жүргізіліп жатыр. Жөнделетін учаскенің ұзындығы — 22,5 шақырымнан астам, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өңірлік филиалынан.

Жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін жолдағы қозғалыс уақытша шектелуде. Атап айтқанда, биылғы сәуір айынан бері жолдың бір бағыты жабылып, көлік қозғалысы екінші жағымен ұйымдастырылып жатыр. 

— Жұмыстарды 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін толық аяқтау жоспарланған. Аталған мерзімге дейін жүргізушілерді уақытша жол белгілері мен таңбаларының талаптарын қатаң сақтауға, жөндеу учаскесіне жақындағанда жылдамдықты алдын ала төмендетуге шақырамыз. Жолда арнайы техника мен жұмысшылар жүретіндіктен, қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды, — деп ескертті компаниядан.

Бұған дейін Қазақстан жолдарын кім бұзып жатқаны туралы материал ұсынғанбыз.