«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қарасты «QAJсервис» ЖШС Қарағанды облыстық филиалының мәліметінше, өңірде 27, 28 және 29 қараша күндері қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасуы ықтимал. Жаңбырдың қарға ұласуы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында қозғалысты қиындатуы мүмкін.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана — Теміртау тасжолында көлік қозғалысының рұқсат етілген ең жоғары жылдамдығы уақытша төмендетілді. Қарағанды облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының нұсқамасына сәйкес, жылдамдық сағатына 140 шақырымнан 80 шақырымға дейін шектелді. Бұл шектеу Ақмола облысының шекарасынан Теміртау қаласындағы ақылы жол өткізу пунктіне дейінгі аралықта қолданылады.
Жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтап, жылдамдықты жол жағдайына қарай реттеу, көлік арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау және шұғыл маневрлерден аулақ болу ұсынылады.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысындағы республикалық маңызы бар барлық автомобиль жолдарында қозғалыс ашық. Жол-патрульдік полиция жасақтары күшейтілген қызмет режиміне көшірілді.
Бұған дейін 7 қарашада Ақтөбе және Атырау облыстарында ауа райының нашарлауына байланысты жүк көліктерінің, қоғамдық көліктің және жазғы дөңгелекпен жүрген автокөліктердің қозғалысына шектеу енгізілетіні хабарланған болатын.