Астана - велосипедшілер үшін қолайсыз қала — Ұлыбритания елшісі

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада велосипедпен жүруге қолайлы жағдайды әлі де жақсарту қажет. Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксворти ARCHICA халықаралық сәулет форумында қала тұрғындарының жаяу жүруіне, велосипед тебуіне және ашық ауада көбірек уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін орта құру маңызды екенін айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Елшінің сөзінше, Қазақстан қалалары жылдам өсіп келеді. Сондықтан қазір қанша ғимарат салынғаны ғана емес, олардың айналасындағы кеңістіктің тұрғындарға қаншалықты қолайлы екені де маңызды.

— Адамдарды көбірек жаяу жүруге, велосипед тебуге және ашық ауада уақыт өткізуге қалай ынталандырамыз? Мен өзім велосипед тебемін. Бірақ Астананы велосипедшілер үшін ең қолайлы қала деп айта алмаймын, — деді Салли Аксворти.

Ол қалаларда жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға, көгалдандыру мен қоғамдық кеңістіктерге көбірек мән беріле бастағанын атап өтті.

— Аудандарды қалай жасыл әрі климат өзгерісіне төзімді ете аламыз? Қаланы дамыта отырып, тұрғындардың өмір сапасын қалай жақсартамыз? Ұлыбритания мен Қазақстан осы мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істей алады, — деді дипломат.

Қазір Астанада ARCHICA халықаралық сәулет форумы өтіп жатыр. Оған сәулетшілер, урбанистер, дизайнерлер мен девелоперлер қатысып, қалаларды дамытуға қатысты мәселелерді талқылап жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада халық санының өсуіне байланысты жаңа тұрғын аудандар мен әлеуметтік нысандарға қажеттілік артып отырғаны туралы жазған едік. Материалда елорданың алдағы жылдардағы дамуы, құрылыс қарқынды жүріп жатқан аудандар және жаңа бас жоспарда қарастырылған өзгерістер туралы айтылды.