Астана вокзалдарындағы жөндеу жұмыстары қашан аяқталады

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Астананың вокзалдарындағы жөндеу және жаңғырту жұмыстарының қашан аяқталатынын айтып берді.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Вице-министрдің айтуынша, Астананың ескі вокзалындағы жаңғырту жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтап, нысанды пайдалануға беру жоспарланған. 

— Астананың ескі вокзалындағы жөндеу жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Вокзалдың аумағы 7 мыңнан 8,5 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды. Жаңартылған нысан қазан айының соңында ашылады деп жоспарланып отыр, — деді Жәнібек Тайжанов Үкіметтегі брифингте.

Журналистер «Нұрлы жол» вокзалындағы жөндеу жұмыстарының не себепті ұзаққа созылғанын да сұрады.

Вице-министр бұл жерде жаңғырту немесе қайта құру жұмыстары жүргізілмейтінін атап өтті.

— Вокзалда жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда жаңғырту немесе реконструкциялау қарастырылмаған. Мұндағы барлық жұмысты бір айдың ішінде аяқтаймыз, — деп жауап берді Жәнібек Тайжанов.

Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Stadler вагондарын қазан айының соңы мен қараша айының басында жүре бастайды.