Астанада бұрын сотты болған 306 адам жұмысқа орналастырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада бұрынғы сотталған азаматтарға жұмысқа орналасу, баспана және қаржылай көмек көрсетіледі. Биыл 653 адам қолдауға ие болып, 306-сы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті.

Фото: Астана қалаасының әкімдігі

Астанада бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және жазасын қоғамнан оқшаулаусыз өтеп жүрген азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және жұмыспен қамту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. 

Кездесу барысында қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар бірлескен жобалардың алғашқы нәтижелерін таныстырып, қайта әлеуметтендіру үдерісін цифрландыруды ұсынды.

Фото: Астана қалаасының әкімдігі

«Оңалту технологиялары мен тұжырымдамалары» қоғамдық қорының өкілдері Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясындағы жұмыстардың аралық қорытындысын таныстырды. Мамандар бас бостандығынан айыру орындарынан оралған азаматтарға заң көмегінен бастап, жеке ісін ашуға дейін кешенді қолдау көрсетіп келеді.

— 2026 жылдың қыркүйегіне дейін қорымызға 653 азамат тіркелді. Оларға түрлі бағытта көмек көрсеттік. 306 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, тағы 34 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз ісін бастады. Сонымен қатар 146 адам психодиагностикалық тексеруден өтіп, 63 азамат құқықтық кеңес алды. Алайда 73 адам әзірге жұмыссыз отыр. Сондықтан біздің міндетіміз — әрқайсысына қоғамнан өз орнын табуға көмектесу, — деді «Оңалту технологиялары мен тұжырымдамалары» қоғамдық қорының директоры Орынбасар Құлжабаева.

Практикалық жұмыс нәтижесінде қор мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыныс әзірледі. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарын тиімді іріктеу және қамқорлықтағы азаматтарды сүйемелдеу үшін жасанды интеллект технологиялары мен цифрлық сервистерді енгізу, сондай-ақ мамандандырылған «Әлеуметтендіру және оңалту» орталығын ашуға қолдау көрсету ұсынылды. Сонымен қатар сотталғандарды жазасын өтеу кезеңінде-ақ бостандыққа шығуға жүйелі түрде дайындауға ерекше мән берілді.

Фото: Астана қалаасының әкімдігі

— 2026 жылдың сегіз айында департамент бөлімшелерінен 485 сотталған адам босап шықты. Оларды бостандыққа дайындау мекемеге келген сәттен басталады. Олар мамандық алып, құжаттарын және әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіреді. Бірде-бір адам назардан тыс қалмайды. Азаматтың оралуына тиісті органдар алдын ала дайындалуы үшін біз әкімдіктерге, ішкі істер органдарына және пробация қызметіне 883 хабарлама жолдадық, — деді Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Әсел Мақашева.

Бостандықтағы өмірге қайта бейімделу бірнеше мемлекеттік органның үйлесімді жұмысын талап етеді. Әсіресе баспанасы немесе күнкөріс қаражаты жоқ азаматтарға бұл бағытта кешенді қолдау қажет. Осындай жағдайларға байланысты елордада шұғыл қолдау және әлеуметтік көмек көрсетуге арналған арнайы бағдарламалар жұмыс істейді.

Фото: Астана қаласының әкімдігі

— Жыл басынан бері Астананы тұрғылықты жері ретінде таңдаған 67 азамат босап шықты. Оның 23-і әлеуметтік-құқықтық көмекке аса мұқтаж болды. Біз 11 адамды бейімдеу орталықтары мен баспаналарға орналастырдық. Сонымен қатар Жұмыспен қамту басқармасымен бірлесіп, «Қақпа алдындағы кездесу» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде осындай 9 кездесу өткізілді. Онда азаматтарға түрмеден шыққан сәттен бастап алғашқы қажетті көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, босап шыққан азаматтарға 15 АЕК-ке дейін, яғни 64 875 теңге мөлшерінде біржолғы төлем алуға мүмкіндік қарастырылған, — деді Әсел Мақашева.

Кездесу соңында қатысушылар азаматтардың қоғамға сәтті бейімделуінің негізгі шарттарының бірі — ресми жұмысқа орналасу екенін атап өтті. 2026 жылы соттылығы бар азаматтарға белгіленген жұмыс орындары квотасы аясында 21 адам жұмысқа орналастырылды.

Қоғамдық ұйымдар мен ҚАЖ департаментінің өкілдері жұмыс берушілерді еңбек заңнамасын қатаң сақтауға, ал мемлекеттік органдарды бұрынғы сотталғандардың қаржылық мәселелерін шешуге, соның ішінде банк шоттарын бұғаттаудан шығаруға және банкроттық рәсімдерінен өтуге жәрдемдесуге шақырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағандыда 180 сотталған кәсіп меңгеруді бастаған болатын.