Астанада көмір технологиясы ұлттық ғылыми орталығы ашылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда көмір технологиясы бойынша ұлттық ғылыми талдау орталығын ашу жоспарда бар. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов мәлім етті.
- Елде көмір мен көмір қалдықтарын қайта өңдеуге маманданған ғылыми орталық құру бастамасы көтерілді. Орталық заманауи құрал-жабдықпен жабдықталып, мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Мақсат – «таза» көмір технологияларын дамыту, - деді Жанат Игісінов елордада өткен VI көмір өнеркәсібі форумында.
Министрлік өкілінің айтуынша, ұлттық орталықты елордада құру жоспарланып отыр.
- Астанада ұлттық аналитикалық орталық ашу – әзірге жоспар, ұсыныс айтқалы отырмыз. Ұлттық жол картасын әзірлейміз, мемлекеттік бағдарлама дайындаймыз. Қазіргі қолданыстағы және болашақта қабылдануы тиіс нормативтік-құқықтық актілер бойынша да жұмыс жүргізіледі. Ұлттық жол картасы аясында заң жобасын әзірлеу қарастырылған, - дейді ол.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі елімізде көмірді заңсыз сататын делдалдармен күрес жолын атаған еді.
Айта кетейік, бүгін Астанада VI көмір өнеркәсібі форумы өтті.
Бүгінде елімізде 33 млрд 600 млн тонна көмір қоры бар. Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде алғашқы 10 елдің қатарына кіреді.