Астанада «Rixos» маңында болған атыстан жараланған екі адам ауруханаға түсті (ВИДЕО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 17 шілде, таңғы сағат 08:00 шамасында «Rixos» қонақүйі маңында орын алған атыс негізінде, бұзақылық және атыс қаруын заңсыз сатып алу және сақтау баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» агенттігіне Астана қаласы ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

«Астанада 17 шілде, таңғы сағат 08:00 шамасында «Rixos» қонақүйі маңында орын алған атыс негізінде, ҚР ҚК-нің 293 бабы 3-бөлігі - бұзақылық және ҚР ҚК-нің 287 бабы 2-бөлігі - атыс қаруын заңсыз сатып алу және сақтау баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.

Сот алдындағы анықтау шараларында  белгілі болғанындай, дәмхана клиенттерінің арасындағы атыс екеуара кикілжіңнен туындаған. Нәтижесінде зардап шеккен екі адам Астана қаласының медициналық мекемелеріне жеткізілді.

Тергеу барысында уақытша ұстау изоляторына оқиғаның екі қатысуышысы - 25 және 29 жастағы екі жігіт қамалды.

Қылмыстық іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазір сот алдындағы тергеу жұмыстары жалғасуда.