Астаналық Урбанистика орталығының тәжірибесін өңірлерге тарату қажет – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыруда Астананың Урбанистика орталығының тәжірибесін өзге өңірлерге де енгізу қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында өткен экологиялық акцияда айтты.

Фото: Ақорда

– Біздің мақсатымыз – айқын. Біз халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әр азаматқа мейлінше қолайлы жағдай жасау үшін табанды еңбек етуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Астана – Қазақстанның айнасы, бетке ұстар басты қаласы екені сөзсіз. Қазір елордамызды жаңашыл, жасампаз азаматтардың құтты мекені деп айтсақ, қате болмайды. Астанамыздың көркі артып келе жатыр. Бұл да – қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек пен оның көмекшілерінің табанды жұмысы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста Астана қаласының Урбанистика орталығы ерекше рөл атқарып отырғаны айтылды. Бұл – қала тұрғындарына қолайлы орта құру үшін нақты ұсыныстар әзірлейтін, қаланың келбетін жақсартуға арналған ұтымды шешімдер мен жобалар дайындайтын маңызды құрылым.

Ең бастысы, осы мекеме жұмыс барысында азаматтардың негізді ой-пікірін, талап-тілектерін, олардың өтініштері мен жағдайларын да ескереді.

– Сондықтан аталған орталықтың тәжірибесін басқа аймақтарға да кеңінен тарату, дәріптеу керек. Осы бағыттағы жұмысты өңірлердің әкімдері барынша белсенді түрде жүргізуі қажет. Жалпы, ел азаматтары да, елімізге келген шетел азаматтары да қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтап, заң талаптарына құрметпен қарауға тиіс. Сонда ғана «Таза Қазақстан» құндылықтары ұлт болмысының мызғымас қасиетіне, ажырамас бөлігіне айналады, – деді Президент.

Бұған дейін Қ. Тоқаев еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керектігін айтқан еді.

Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына 7 млн адам қатысып, 130 мың гектар жер тазартылған.

Президент «Таза Қазақстанды» жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық тазалық стандартын әзірлеуді ұсынды.