«Мен олардың әрекеттері заңсыз екеніне сенімдімін. Бейнеүндеуге қарағанда, өзіңіз де көрген шығарсыз, олар өздерін жұмыстан босатып, қылмыстық жауапкершілікке тартуын әділетсіз шешім шығарылған деп есептейді.
Аталған оқиғадағы 11 қызметкер туралы айтсақ, иә, олар арнайы құралдарды нақты қай кезде қолдану керектігін білмеген. Осыған байланысты қылмыстық-атқару департаментінің басшысы деңгейінде қатаң шара қолданылып отыр», - деді комитет басшысы.
Жанат Ешмағамбетов біліксіз қызметкерлердің жүйеде жұмыс істеуі мекеме мен облыстық деңгейдегі басшылардың кемшілігі екенін айтады.
«Бұл мекемеде жеке құрамды, әсіресе, сотталушыларға қатігездік танытудың алдын алу бағытында жүргізілген кәсіби даярлау жұмыстарының бәрі өз деңгейінде болмаған. Бұл осы мекеменің басшысы мен облыстық департамент басшысының кемшілігі.
Біз өзге мекемелердің, облыстық департаменттер өкілдерінің пікірін ұдайы тыңдап отырамыз. Біздің қызметкерлердің бәрі, бүкіл жердегі ұжымдар азаптау туралы бейнежазбадағы жағдайға қатты наразы», - деді ол.
Еске салсақ, Ақмола облысының Атбасар түрмесіндегі сотталғандарға қатысты күш қолдану дерегі бойынша прокуратура сотқа дейінгі тергеуді бастағанын жазған едік.
Кейін осы оқиғаға байланысты Амола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы қызметінен шеттетілді.