Атбасарда судың деңгейі төмендей бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Атбасардағы жағдай туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атбасар жақта біз су деңгейінің төмендегенін байқап отырмыз. Автомобиль көпіріндегі көрсеткішке сәйкес, бір тәуліктің ішінде судың деңгейі 25 сантиметрге төмендеді. Кеше ғана 3 метр 50 сантиметр болған. Бүгін сағат 14:00-де судың деңгейі 3 метр 25 сантиметрге дейін түсті. Ол шекті көрсеткіштен 20 сантиметрге төмен. Сондықтан Атбасар жақта су тасқынының қауіпі төмендей бастады деуге болады», - деді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, бүгінгі брифингте комитет басшысы елордаға жақын Қосшы ауылындағы ауыз су мәселесін түсіндірді.

«Ол жақта ауыз су жинақтайтын екі қондырғы бар. Біреуінде 6 ұңғыма, аталған қондырғы жұмыс істеп тұр. Оған қоса, тағы бір қондырғыны салу жұмыстары басталған болатын. Онда 14 ұңғыма бар. Дәл осы қондырғының 9 ұңғымасын су басып қалды. Олардың бәрі істемей тұр, қалғаны дұрыс. Негізі, ол қондырғының құрылысы әлі аяқталған жоқ. Ресми түрде пайдалануға да берілмеді. Алайда ол жерден ауыз су тұрғын үйлерге беріліп тұрады», - дейді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, тәртіп бойынша жаңа су қондырғысының айналасын топырақпен үйіп тастау қажет. Сонда ішіне су кірмейді. Бірақ ондай шаралар атқарылған жоқ.

«Негізі, қазір Қосшыда су бар. Маған солай баяндады. Бірақ тұрғын үйлерде ауыз су жоғары қабаттарға жетпей жатыр. Қысым аз, сол жағынан қиындық бар. 4-5 қабаттарға жетпей жатыр деді», - деп атап көрсетті В.Беккер.

Комитет басшысы Қазгидрометтің алдағы болжамына алаңдап отырғанын да жасырмады.

Ал Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолды қалпына келтірді.