Қазгидрометтің болжамына алаңдап отырмыз - ТЖК

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Қазгидрометтің болжамына алаңдап отырғанын жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, біз Қазгидрометтің болжамына алаңдап отырмыз. 10-12 сәуір күндері Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Ақмола облыстарында қатты жауын-шашын болады деп отыр. Егер жаңбыр көп жауса, су тасқыны ушығып кетуі мүмкін. Аптаның аяғына дейін қатты жауын болмаса екен дейміз. Сонда үлкен су Астраxан мен Атбасармен тездетіп өтеді де, бізге көп проблема туғызбайды», - деді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, Ақмола облысының Бурабай аудында екі күн бойы жаңбыр жауды. Сол жердегі су қоймасы тасып кетеді деген қауіп болды. Бірақ қосымша арналарды қазып, қоймадағы суды жіберуге тура келді.

Айта кетейік, бүгінгі брифингте комитет басшысы елордаға жақын Қосшы ауылындағы ауыз су мәселесін түсіндірді.

«Ол жақта ауыз су жинайтын екі қондырғы бар. Біреуінде 6 ұңғыма, аталған қондырғы жұмыс істеп тұр. Оған қоса, тағы бір қондырғыны салу жұмыстары басталған болатын. Онда 14 ұңғыма бар. Дәл осы қондырғының 9 ұңғымасын су басып қалды. Олардың бәрі істемей тұр, қалғаны дұрыс. Негізі, ол қондырғының құрылысы әлі аяқталған жоқ. Ресми түрде пайдалануға да берілмеді. Алайда ол жерден ауыз су тұрғын үйлерге беріліп тұрады», - дейді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, тәртіп бойынша жаңа су қондырғысының айналасын топырақпен үйіп тастау қажет. Сонда ішіне су кірмейді. Бірақ ондай шаралар атқарылған жоқ.

«Негізі, қазір Қосшыда су бар. Маған солай баяндады. Бірақ тұрғын үйлерде ауыз су жоғары қабаттарға жетпей жатыр. Қысым аз, сол жағынан қиындық бар. 4-5 қабаттарға жетпей жатыр деді», - деп атап көрсетті В.Беккер.

Соңғы жаңалықтар