Атырау облысы жылыту маусымына әлі толық дайын емес

Атырау облысының жылыту маусымына дайындығы – 97 пайыз. Соған қарамастан, 15 қазанда орталықтандырылған жылу қазандықтарынан көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беру көзделіп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

Фото: Kazinform агенттігі

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында жылыту маусымына дайындық, өрт қауіпсіздігі жөнінде мәселе қаралды.

«Өңірдегі «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» АҚ қондырғыларының 56 пайызы тозған. Биыл аталған кәсіпорында №5, 8 және 12-жылу агрегаты жөндеуден өткізілді. Қазір 8 агрегат жұмыс істеп тұр. Осындай 6 агрегат резервке қойылған. Енді №7 турбоагрегатты жөндеу жұмыстары аяқталып, іске қосу процесі жүріп жатыр. Ал №10 турбоагрегатты жөндеу жұмысы 8 қазан-15 қараша аралығында аяқталады. 2 қазанда жаңадан салынған резервтік 65 МВт-ты құрайтын №13 турбоагрегат іске қосылды. Кәсіпорынның 2024-2026 жылдарға арналған жоспарына сәйкес 3 жылыту қазандығын жөндеу, жаңадан №15 жылу қазандығы мен 25 МВт-ты құрайтын №11 турбоагрегатты іске қосу жоспарланған. Жоспарланған осындай жұмыстар іске асырылғанда қондырғылардың тозу деңгейі 2 пайызға төмендейді», - деді Айдулат Кенжебеков.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаевтың өткен жылыту маусымында 98 тұрғын үйде өрт тіркелген. Өрттің негізгі себебі – электр жабдығын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу.

«Төтенше жағдайларға ден қою органдарының қызметі мәселелері жөніндегі кеңестің хаттамасына сәйкес өңір әкімдеріне елді мекендер шекарасы шегінде газ-техникалық инспекциялар құру тапсырылды. Алайда, инспекцияны құру мәселесі әлі толық шешілмеген күйінде қалып отыр. Мысалы, қала, аудан әкімдіктерінде құрылған газ-техникалық инспекциясы инспекторларының функциясын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері атқарады. Аталған қызметкерлердің бейімдік білімі, сондай-ақ газ саласында біліктілігі жоқ», - деп мәлім етті Нұрлан Жаңабаев.

Серік Шәпкеновтің айтуынша, 15 қазанда көпқабатты тұрғын үйлерге жылу берілуге тиіс.

«Қазір ауа райы суытты. Енді алаңсыз жүре алмаймыз. Жылыту маусымына бес күн қалды. Алда үлкен процестер басталады. Синоптиктер биыл қыс өте қатты болады деп дабыл қағып отыр. Сондықтан дайындық жұмыстарын күшейтіп, кемшіліктерді уақытылы жоюды сұраймын. Себебі оның сұрауы қатты болады», -деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының қысқы жылыту маусымына дайындығы 87 пайыз екенін хабарлаған болатынбыз.