Атырауда бірнеше жыл тағдыры шешілмеген көпқабатты үш үй ақыры бұзылады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Исатай ауданында 2019 жылы құрылысы басталған, кейін іргетасынан ақау анықталған үш көпқабатты тұрғын үй бұзылатын болды. Бірнеше жыл бойы нысандарды сақтап қалу мүмкіндігі қарастырылғанымен, соңғы техникалық қорытынды нысандарды апатты деп таныған.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Аққыстау ауылында 60 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысы 2019 жылы басталды. Жалпы құны 3 млрд теңге болатын жоба 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда құрылыс бірнеше рет тоқтап қалды. Алғашында 2020-2021 жылдары мердігердің жұмысы тоқтап, кейін құрылыс қайта жанданған. Бірақ 2024 жылы ғимараттардың іргетасынан ақау анықталып, жұмыс тағы тоқтатылды.

Жыл басында аудан әкімі үйлердің қазіргі жағдайына қазақ құрылыс, ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары кәсіби тұрғыдан бағалау жұмысына кіріскенін айтқан еді.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Қазіргі таңда үш тұрғын үйдің біреуі аяқталуға жақын болғанымен, инженерлік инфрақұрылым жүргізілмеген. Екінші үйдің төбесі жабылған, ал үшінші ғимараттың құрылысы үшінші қабатында тоқтап қалған.

— Техникалық тексеріс нәтижесінде іргетас блоктарының дұрыс қаланбағаны, бұл ғимараттардың көтергіш конструкциясына кері әсер еткені анықталған. Тұрғын үйлер сол себептен апатты деп танылып, құрылысты аяқтау және нысанды пайдалану мүмкін емес деп шешілді, — деп хабарлады облыс әкімдігі

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Осыған байланысты нысандарды бұзып, жаңа тұрғын үй кешенін салу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, бұзылатын ғимараттардан жарамды құрылыс материалдарын жаңа жобада барынша тиімді пайдалану тапсырылды.

Бұған дейін Атырау облыстық аурухананың жөндеуі екі жылда небәрі 30% жұмыс орындалғанын жазған едік.