Мектеп әкімшілігінің хабарлауынша, оқиға 17 қарашада жоспарлы эвакуация кезінде болған. Жаттығу барысында мектептен шығатын есік маңына оқушылар шоғырланып, бірнеше бала көпшіліктің арасында қысылып қалған.
— Кейбір балалардың денесінде соғылу белгілері анықталды. Барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп, ата-аналарына жеке хабар берілді. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы тұрақты, — делінген мектеп әкімшілігінің хабарламасында.
Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр. Мектепте оқушылармен және педагогтермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әкімшілік мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін эвакуация жоспары қайта қаралып, оқу-жаттығу жұмысын ұйымдастыру тәртібі күшейтілетінін хабарлады.
Бұған дейін Астанадағы мектептердің бірінде 11-сынып оқушысы суық қару алып келіп, екі сыныптасына шабуыл жасағанын жазған едік. Кейін оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.