Атырауда орталық көпірдің деформациялық тігістерін ауыстыру жұмысы келер жылға қалды

АТЫРАУ.KAZINFORM — Биыл ғана орташа жөндеуден өткен орталық көпірдің деформациялық тігістерін ауыстыру жұмысы келер жылға қалды. Алғашында әкімдік қажетті материалдар Ресейден осы апта жеткізілетінін айтса, енді бұл мерзім келесі аптаға ауысқан.

Видеодан алынған кадр

Атырау қаласының әкімдігі көпірде пайда болған жарықтарға қатысты берген алғаш түсініктемесінде тігістерді ауыстыруға қажетті материалдар осы апта өңірге жеткізілетінін хабарлаған еді.

Енді жоспар өзгерген. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Сәлімжан Мұсабаевтың айтуынша, мердігер мекеме Ресейдің Уфа қаласындағы «Технониколь» компаниясына қажетті материалдарға тапсырыс берген. Олар келесі аптада Атырауға жеткізіледі деп күтілуде. Материал өңірге жоспардағы уақытта жеткізілгеннің өзінде құрылыс жұмысын жүргізу үшін күннің жылынғанын күту керек. Яғни, бұл жұмыс 2027 жылдың көктеміне қалып отыр. Әкімдік өкілдері әзірге көпірдің тағдырына қатысты қандай да бір шешім айту ерте дейді.

— Деформациялық тігістерді орнату жұмысы ауа температурасы 20 градус болған жағдайда ғана жүргізіледі. Бүгінде бөлім тарапынан Жайық өзені арқылы өтетін көпірлерге, оның ішінде орталық көпірге техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Тиісті қорытынды қараша айының соңына дейін дайын болады. Дегенмен қазірдің өзінде орталық көпірді әрі қарай қалай пайдалануға болатыны жөнінде техникалық тексеру жүргізіп жатқан компаниядан ұсыныс беруді сұрадықСоған сәйкес, көпір уақытша жабылуы немесе ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін. Әзірге нақты шешім жоқ. Тиісті ұсыныс пен қорытындыны күтіп отырмыз, — деп түсіндірді Сәлімжан Мұсабаев.


Жалпы ұзындығы 16 метр болатын 6 деформациялық тігісті ауыстыру жоспарланған. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, деформациялық тігістерді ауыстыру үшін 1 апта қажет, яғни ол уақытта көпір жабық болады.

Айта кетейік, шенеуніктер бұл көпірді жөндеуге қазынадан қаржы қарастырылмаған. Әкімдік көпірдегі жөндеу жұмысы кімнің есебінен істеліп жатқанын түсіндірді.

— Абай көшесін орташа жөндеу жұмысының негізгі бөлігі аяқталды. Жөндеу барысында Азаттық көшесінен театрға дейінгі 480 метр жолдың екі жағындағы жаяу жүргіншілер жолы жақсы жағдайда болғандықтан, төсемтастарды ауыстыру қажет болмады. Осыған байланысты үнемделген қаражат есебінен орталық көпірдің асфальт жабынын толық жаңарту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар мердігерге көпірдің деформациялық тігістерін де ауыстыру тапсырылды, -деп толықтырды Сәлімжан Мұсабаев.

Қазір орталық көпірден басқа Жайық өзенінің үстіне салынған тағы 5 көпірдің жағдайы тексеріліп жатыр. Бұл жұмыс үшін қазынадан 80 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.