Атыраудағы биыл жөнделген орталық көпірдің деформациялық жіктері әлі ауыстырылған жоқ

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраудағы орталық көпірдің көлік жүретін бөлігінде және жаяу жүргіншілер жолында жарықтар пайда болды. Бірнеше ай бұрын жөнделген көпірдің деформациялық жіктері әлі ауыстырылған жоқ. Қажетті конструкциялар қараша айының 5-іне дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Атыраудағы биыл жөнделген орталық көпірдің деформациялық жіктері әлі ауыстырылған жоқ
Видеодан алынған кадр

Биыл маусымда орталық көпір мен айналма жол орташа жөндеуден өтті. Құрылыс жұмысы кезінде көпір 10 күнге жабылған еді.

Жөндеу жұмысы жүргізілгенімен, деформациялық жіктерді ауыстыру кейінге қалдырылған. Көлік қозғалысын уақытылы ашып, кептелістің алдын алу үшін жіктер орнатылатын тұстарға уақытша асфальт төселген.

Атыраудағы биыл жөнделген орталық көпірдің деформациялық жіктері әлі ауыстырылған жоқ
Видеодан алынған кадр

Қала әкімдігінің мәліметінше, орталық көпірдегі ұзындығы 16 метр болатын 6 деформациялық жікті ауыстыру көзделген. Олардың жалпы ұзындығы — 96 метр.

Атыраудағы орталық көпірде байқалған жарықтар деформациялық жіктер орнатылатын тұстарда пайда болған. Деформациялық жіктер — температураның өзгеруіне және көпір құрылымының табиғи қозғалысына бейімделуге арналған арнайы металл конструкциялар.

— Қазіргі таңда бас мердігер тарапынан «Технониколь» мекемесімен өз ара келісімшарт жасақталып, қажетті материалдардың нысанға 5 қарашаға дейін жеткізу күтілуде. Материалдар жеткізілгеннен кейін қолданыстағы ескі деформациялық тігістер бөлшектеліп, олардың орнына жаңа деформациялық тігістер немесе жобалық және технологиялық талаптарға сәйкес келетін конструкциялар орнатылады, — деп хабарлады қалалық әкімдік.

Қала билігі көпірге деформациялық жіктер орнату жұмысын жыл соңында дейін істеу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, жұмыс кезінде көпірдегі қозғалыс уақытша тоқтатылады.

— Жұмыс барысында БП-Г-ДШ маркалы мастика, праймер және «Техноэластмост» гидрооқшаулағыш материалы қолданылады. Жөндеу аяқталған соң көпірдің аталған учаскелеріндегі асфальт жабыны қайта төселеді, -деп толықтырды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Әкімдік өкілдерінің түсіндіруінше, Абай көшесін орташа жөндеу жобасы аясында үнемделген қаражатты орталық көпірдің асфальт жабынын толық ауыстыруға бағыттау туралы шешім қабылданған. Ал деформациялық жіктерді ауыстыру мердігерге қосымша тапсырылған.

Бұған дейін Атыраудағы алты көпірдің техникалық жағдайы зерттелетінін жазған едік. Бүгінде бұл жұмыс басталған.

«Инжиниринговый центр Азия Эксперт» ЖШС көпірге жоспарлы техникалық зерделеу жүргізіп жатыр. Қорытындысы қараша айының соңында дейін белгілі болады деп жоспарланып отыр.