Айыпталушы мен оның қорғаушылары апелляциялық шағымында істің бірінші сатыдағы сотта негізінен айыптау тарапының ұстанымы негізінде қаралғанын алға тартты. Сондай-ақ олар жарылыс кезінде қаза болған жұмысшылардың да еңбек міндеттерін тиісінше орындамағанын айтып, жаза өтеу мерзімін азайтуды сұрады.
Ал жәбірленуші тарап бұл уәжді негізсіз деп санайды. Қаза болғандардың балаларына 1 млрд теңге моральдық өтемақы талап етті. Жәбірленуші тарап өкілі Ақан Хабдешовтың айтуынша, бірінші сатыдағы сотта істің барлық мән-жайы, соның ішінде бейнежазбалар толық зерттеліп, сотталушының кінәсіне құқықтық баға берілген.
- Апелляциялық шағымдарда қаза болған адамдардың да жауапты болғаны, еңбек міндеттерін жосықсыз орындағаны көрсетілген. Алайда бірінші сатыдағы сотта барлық мән-жай мен бейнежазбалар зерттеліп, сотталушының кінәсіне құқықтық баға берілді. Еңбек инспекциясы жүргізген тексеріс нәтижесінде жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз екені белгілі болған еді , – деді жәбірленуші тараптың өкілі Ақан Хабдешов.
Тарап өкілінің сөзінше, бірінші сатыдағы соттың үкімі шыққан кезде де жәбірленушілер бас бостандығынан айыру жазасына қатысты қарсылық білдірмеген, алайда моральдық өтемақы көлеміне көңілдері толмаған.
Сотталған мекеме басшысы қаза болғандардың салынып жатқан үйінің құрылысын аяқтауға көмектескен. Сонымен қатар балаларға қажетті заттардың барлығы алынғанын айтты.
Еске салайық, оқиға былтыр мамыр айында Құлсарыдағы «Ниет» жанар-жағармай құю бекетінде болған. Жарылыс салдарынан ерлі-зайыпты қаза тауып, олардың төрт баласы ата-анасыз қалған. Балалардың біреуі кәмелетке толмаған.
Төтенше жағдай кезінде алты көлік өртеніп, бір қабатты үш және екі қабатты бір ғимарат бүлінген. Жарылыстың әсері шамамен 400 шаршы метр аумақты қамтыған.
Маусымда сот іске нүкте қойып, айыпталушының кінәсі дәлелденгенін айтып, үкімді жариялаған еді. Айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 281 бабы 3 бөлігі (Жарылыс қаупi бар объектiлерде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот шешіміне сәйкес, осы жарылыс салдарынан көз жұмған ерлі-зайыптының төрт баласының әрқайсысына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.
Бұған дейін облыстық төтенше жағдайлар департаменті жанармай бекетінде жарылыстың себебін мәлімдеген еді.