Атыраудың Махамбет ауданына 30 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

Фото: Фото: Ақмола облысы жастар ресурстық орталығы

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Махамбет ауданына 30 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

Махамбет ауданындағы гуманитарлық көмек штабының жетекшісі Жексенбай Пазуловтың мәліметінше, осы кезге дейін 30 тонна гуманитарлық көмек қоры жинақталған.

«Күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен бүлінбейтін өнімдер Атырау қаласынан жеткізіліп жатыр. Бір айда штабқа жеткізілген 30 тонна гуманитарлық көмектің арасында 100 кило киім бар. Гуманитарлық жүк ауданға аптасына екі рет жеткізіледі. Біз жүкті өзіміз түсіреміз. Азық-түліктің жарамдылық мерзімін тексереміз. Түріне байланысты сұрыптаймыз. Жинақталған қорда бірінші кезекте тұтынатын құтыдағы су, ұн, күнбағыс майы, қарақұмық, сәбилерге арналған гигиеналық жөргектер және басқа да қажетті заттар бар», -деді Жексенбай Пазулов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Махамбет ауданында Жайық өзенінің деңгейі 8 метрден асып кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, Махамбет ауданының жедел штабы күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін жазған едік.