Атырау қаласының бас жоспары ұзақ мерзімге әзірленген. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңі — 2032 жыл, ал есептік мерзімі — 2040 жыл. Осы уақытқа қарай қосылатын ауылдарды ескергенде, қала халқының саны 600 мың адамға жетуі мүмкін. Қазір шаһарда алдағы уақытта қосылатын ауылдарда тұратын азаматтарды есептегенде 431,2 мың адам.
Жобаланатын аумақтың жалпы ауданы 56 400 гектар болады. Қолданыстағы Бас жоспардағы қала аумағы 45 871 гектарды құрайды.
Жаңа тұрғын аудандарды негізінен қаланың солтүстік, солтүстік-шығыс және оңтүстік бағыттарында орналастыру ұсынылған. Сонымен қатар, орталық бөліктегі кейбір аумақтарды жаңарту, көше-жол желісін дамыту, қосымша көпірлер мен көлік айрықтарын салу көзделеді.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, болашақта қалада бір «тарихи» қоғамдық-іскерлік орталық және қала тұрғындарын тартатын негізгі нүктелер ретінде бірнеше «жаңа» қосалқы орталық қалыптасуға тиіс.
Қаланы екі ауданға бөлуге не кедергі?
Бұған дейін Бас жоспарды әзірлеу кезінде Атырауды екі әкімшілік ауданға бөлу нұсқасы қарастырылған. Бұл жағдайда Жайық өзені екі ауданның арасындағы табиғи шекара ретінде белгіленуі мүмкін еді.
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заңға сәйкес, облыстық маңызы бар қалада аудан құру үшін халық саны 400 мың адамнан асуы керек. Сонымен бірге әр ауданда кемінде 200 мың тұрғын болуы қажет.
— Қазіргі кезеңде қаланың жобалық шекараларында екі әкімшілік аудан қалыптастыруға қойылатын бұл талаптар толық көлемде қамтамасыз етілмейді. Осыған байланысты бүгінде Атырау қаласын екі әкімшілік ауданға бөлу мәселесі жергілікті атқарушы орган тарапынан қарастырылып отырған жоқ. Сонымен қатар, бас жоспар жобасында есептік мерзімге (2040 жыл) халық саны бойынша қажетті көрсеткіштерге қол жеткізілген және қазіргі уақытта қала әкімшілігінің аумағында орналасқан елдімекендерді қала шекарасына енгізуге байланысты барлық қажетті рәсім аяқталған жағдайда, бұл мәселені теориялық тұрғыдан қарастыру мүмкіндігі көзделеді, — деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Қала құрамына сегіз елдімекен қосылуы мүмкін
Бас жоспар жобасында Атырау қаласының аумағын кеңейтіп, қала әкімшілігіне қарасты сегіз елдімекенді ортақ қала құрылысы құрылымына біріктіру ұсынылған. Олар — Еркінқала, Тасқала, Жанаталап, Қызылбалық, Құрманғазы, Амангелді, Дамба және Бесікті.
Бұған қоса қаланың оңтүстік және шығыс бөліктеріндегі меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген, аудандық атқарушы органдардың қарамағындағы жерді қосу көзделеді.
Жобада жаңа тұрғын аудандарды әлеуметтік нысандармен және инженерлік инфрақұрылыммен қатар дамыту қарастырылған. Атап айтқанда, қосымша 114 балабақша мен 88 жалпы білім беретін мектеп салу ұсынылған. Қазір шаһарда 201 балабақша мен 82 мектеп жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, қаланың әртүрлі бөлігінде денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерін орналастыру, жаңа көшелер мен жолдар салу, автомобиль көпірлері, көлік айрықтарын дамыту жоспарланған.
Барлық саяжайдың мәртебесі тұрғын үй құрылысына ауыспайды
Бас жоспар жобасындағы өзекті мәселелердің бірі — саяжай алаптарының болашақ мәртебесі. Жаңа бас жоспарда барлық саяжай массивін жеке тұрғын үй құрылысы аумағына ауыспайды.
— Бас жоспар жобасында барлық саяжай массивтерін жеке тұрғын үй құрылысы аумағына ауыстыру ұсынылмайды, өйткені саяжай серіктестіктерінің бір бөлігі жоспарлау шектеулері бар аумақтарда, қорғау және санитариялық-қорғау аймақтарында, су басу қаупі бар аумақтарда және басқа да шектеу аймақтарында орналасқан, — деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.
Бүгінде облыс орталығында үлкенді-кішілі 40-тан аса саяжай бар. Қазіргі жоба бойынша 24 саяжайды жеке тұрғын үй құрылысы санатына ауыстыру ұсынылған. Олардың қатарында «АНУ», «АНУ-2», «Связист», «Беймахис», «Строитель», «Энергетик-2», «Дальный-1», «Нефтяник», «Нефтяник-2», «Садовод-1», «Садовод-3», «Садовод-4», «Геологотехкомплект», «Ақжайық-Тендік», «ЦБКО», «Мадина», «КСМ», «Мелиоратор», «Химик», «Судоремонтник», «Рыбник», «Уралкаспрыбвод», «Железнодорожник» және «Речник» саяжай массиві бар.
Ал «Садовод-2» және «Транспортник» саяжай массивтеріне қатысты мәселе түпкілікті шешілмеген. «Атыраумұнайгазгеология» бау-бақша серіктестігі су басу аймағында орналасқан. Жеке тұрғын үй құрылысына ауыстыру ұсынылмаған саяжайлардың қазіргі функционалдық және нысаналы мақсаты өзгеріссіз сақталады.
Қолданыстағы инженерлік желілердің қуаты жеткіліксіз
Әкімдіктің ресми жауабындағы ақпаратқа сүйенсек, қаланың қазіргі инженерлік инфрақұрылымы халық санының болжамды өсуін және жаңа аумақтарды игеруді толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан су, кәріз, жылу, газ және электрмен жабдықтау жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғырту әрі кеңейту жоспарланып отыр.
Қазір су тазарту нысандарының қуаты тәулігіне 80–120 мың текше метрді құрайды. Сумен жабдықтауды жақсарту үшін әкімдіктің түрлі жобаны іске асырмақ:
- № 6 сүзгі станциясын, сорғы станциясын (тәулігіне 180 мың м³) салу, сондай-ақ қолданыстағы су құбыры желілерін реконструкциялау және кеңейту;
- Еркінқала ауылында (тәулігіне 5 000 м³) және Талғайран ауылында (тәулігіне 30 000 м³)су алу станцияларын салу;
- сумен жабдықтаудың қосымша (екінші) көзі ретінде Қиғаш–Маңғышлақ су құбырын пайдалану ұсынылады.
Қаланың оң жағалау және сол жағалау бөліктерінің кәріз жүйесі жеке жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Оң жағалаудағы кәріз тазарту құрылыстарының жобалық өнімділігі тәулігіне 30 мың м³, ал сол жағалаудағы КТҚ-ның жобалық өнімділігі тәулігіне 70 мың м³ құрайды. Қолданыстағы тазарту нысандарының қуаты да болашақта аздық етуі ықтимал. Қаланың перспективалық дамуына сәйкес су бұру жүйесін дамыту бойынша мынадай іс-шаралар көзделеді:
- жеке тұрғын үй секторын орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу;
- қолданыстағы оң жағалаудағы кәріз тазарту құрылыстарын (КТҚ) реконструкциялау (есептік мерзімге) (жұмыс жобасы әзірленген);
- сол жағалаудағы КТҚ кешенінің қуатын тәулігіне 80 мың м³-ге дейін арттыру (есептік мерзімге);
- қолданыстағы кәріз желілерін реконструкциялау және жаңа кәріз желілерін салу.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Атырау қаласын электрмен сенімді қамтамасыз ету үшін мыналар қажет:
- қолданыстағы бірқатар қосалқы станцияны, оның ішінде «Атырау» қосалқы станциясын реконструкциялау және оың қуатын арттыру;
- үш қосалқы станцияны қалпына келтіру;
- 5 жаңа қосалқы станция салу;
- жоғары және орта кернеулі электр желілерін дамыту, оның ішінде 35 кВ кернеулі желілерді 110 кВ кернеуге ауыстыру;
- ЖЭО мен АМӨЗ-де жаңа генерациялайтын қуаттарды дамыту;
- Батыс аймағын Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жобасымен үйлестіру;
- жел электр станциясын салу;
- ұзақ мерзімді тұжырымдамалық нұсқа ретінде 220 кВ «Солтүстік-1» және «Солтүстік-2» екі тірек қосалқы станциясын 220/110/10 кВ кернеу деңгейінде орналастыра отырып, 220 кВ Солтүстік сақинаны қалыптастыру және оларды жалғайтын 220 кВ электр беру желілерін салу.
Жайық жағалауында қоғамдық кеңістіктер құрылады
Бас жоспарда Жайық өзенінің жағалауын абаттандыру және рекреациялық аймақтар құру да қарастырылған. Өзен бойында саябақтар, скверлер, бульварлар мен басқа да көгалдандырылған кеңістіктерді дамыту ұсынылған.
Жобада су тасқыны қаупін азайтуға арналған инженерлік шаралар да бар. Олардың қатарында өзен жайылмасын кеңейту, тереңдету және тазарту, жағалауды нығайту, топырақты құрғату жүйелерін орнату, су тасқыны суларын бұру және жерүсті ағынын реттеу жұмысы көрсетілген.
Су басу қаупі бар аумақтарда құрылыс салуға шектеу қою да жоспарланып отыр. Нақты белгілер, еңістер мен су бұру құрылыстары жобалаудың кейінгі кезеңдерінде, егжей-тегжейлі жоспарлау және жұмыс жобалары аясында пысықталмақ.
Қала орталығындағы кейбір аумақтар жаңартылады
Бас жоспар жобасында орталықтағы жеке тұрғын үй секторының бір бөлігін реновациялау ұсынылған. Бұл аумақтарда көпқабатты тұрғын үйлер, қоғамдық-іскерлік нысандар, әлеуметтік және білім беру мекемелері, демалыс кеңістіктері орналасуы мүмкін.
Реновация қарастырылған аумақтардың бірі Құрманғазы көшесі, Бейбарыс даңғылы, Сәтбаев көшесі мен Жайық өзені аралығында орналасқан. Екінші аумақ Жандосов, Баймұханов, Темірханов көшелері мен Жайық өзені аралығын қамтиды.
Сонымен бірге Бас жоспарда өнеркәсіптік нысандарға қатысты санитариялық-қорғау аймақтарының шекарасын нақтылау және жаңаларын қалыптастыру көзделген. Экология департаментінің ресми хаты негізінде алты өнеркәсіптік нысанды көшіру ұсынылған.
Жыл соңына дейін жобалау жұмысы аяқталу керек
Бас жоспар жобасын әзірлеу барысында тұрғындар саяжай аумақтарын жеке тұрғын үй құрылысына ауыстыру, сумен жабдықтау, өнеркәсіптік нысандарды көшіру және көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірқатар мәселені көтерді.
— 2026 жылы жобалау жұмыстарын толық аяқтау, оның ішінде стратегиялық экологиялық бағалау кезеңінен өту және қоғамдық тыңдаулар өткізу жоспарланып отыр. Алайда нақты мерзімдер Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінен қажетті қорытындыны алу мерзіміне байланысты болады. Бас жоспар бойынша схемалар, графикалық және өзге де материалдар қоғамдық талқылаулар/тыңдаулар кезеңінде тұрғындарға ұсынылуға тиіс, - деп толықтырды аймақ басшысының орынбасары Дарын Шамұратов.
Жобаның алдын ала материалдарын, оның ішінде қысқаша түсіндірме жазба мен графикалық схемаларды қоғамдық тыңдауларға дейін кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын Атырау облысының Сәулет және қала құрылысы басқармасы мен қала әкімдігінің ресми интернет-ресурстарында жариялауы керек.
Бұған дейін Атырауда урбанистика орталығының алғашқы міндеттерін жазған едік.