Australian Open: Анна Данилина екінші рет финалға жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Анна Данилина Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты.
Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге осы «Үлкен дулыға» турнирінде жетінші жұп болып тіркелсе, жартылай финалдағы қарсыластары, канадалық Габриэла Дабровски – бразилиялық Луиза Стефани доданың 5-ракеткасы еді.
Бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте қазақстандық-сербиялық дуэт брейк жасай алды – 4:2.
Әйтсе де есеп 5:3 болып, Крунич сетке доп бергенде, Дабровски – Стефани қайыра брейк жасап кетті. Дегенмен тай-брейкте Данилина – Крунич сәтті ойнады – 7:6 (7:2).
Екінші сетте есеп 4:3 болғанда, бразилиялық-канадалық жұп брейкке қол жеткізді – 6:3.
Үшінші, шешуші партияны Дабровски – Стефани брейкпен бастады – 2:0. Бірақ Данилина – Крунич таразы басын теңестіріп қана қоймай, өздері алға кетті – 5:3. Тек Крунич матчқа доп бергенде, мүмкіндіктерін мүлт жіберді. Дегенмен Крунич қателігін түзетіп, Данилина екеуі ойынды брейкпен түйіндеді – 6:4.
Екі сағат 20 минутқа созылған бәсекеде Анна – Александра 3 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Дабровски – Стефани 4 эйс, 7 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.
Анна Данилина – Александра Круничтің финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Осылайша, қазақстандық теннисші спорттық жолында екінші рет финалға жолдама алды.
А.Данилина осыған дейін 2022 жылы бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Аустралия біріншілігінде финалға дейін жетіп, чехиялықтар Барбора Крейчикова – Катержина Синяковаға жол берген еді – 7:6 (7:3), 4:6, 4:6.
Бүгін Қазақстанның жекелей сындағы бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина рейтингіде 6-орындағы америкалық Джессика Пегуламен финал жолдамасын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Рыбакинаның әлемнің 2-ракеткасын ұтып, жартылай финалға өткенін жазған едік.
Сондай-ақ Заңғар Нұрланұлы алғаш рет ширек финалға шықты.
Анна Данилина жарыстың 1-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шықты.