АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Дамир Жалғасбай жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатын сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін Польша өкілі Александр Блашпен өткізді.
Дамир бірінші партияда тай-брейкте шеберлік танытты – 7:6 (7:1).
Екінші сетте 7:5 есебі тіркелді.
Тартысты матч 2 сағат 6 минутқа созылды.
Д.Жалғасбай үшінші айналымға өту үшін аустриялық Тило Берманмен таласады.
Заңғар Нұрланұлының екінші айналымдағы қарсыласы – аустралиялық Тайки Такизава.
Тағы бір қазақстандық Даниэль Тазабеков алғашқы айналымда швейцариялық Флинн Томасқа есе жіберді – 4:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Елена Рыбакинаның төртінші айналымға жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ 18 жастағы Әмір Омарханов Испаниядағы турнирде чемпион атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).