АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге үшінші айналымда осы «Үлкен дулыға» турнирінің 10-ракеткалары, жапониялықтар Сюко Аояма – Эна Шибахарамен шеберлік байқасты.
Жапониялық жұп 6:2, 7:6 (9:7) есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина мен А.Павлюченкова 4 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыластары 1 эйс, 5 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина енді жекелей сында ғана жарыс жолын жалғастырады. Ол ертең әлемнің 17-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның әлемнің 1-ракеткасын ұтып, ширек финалға шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакинаның келесі қарсыласы анықталды.
Анна Данилина жарыс жолынан шығып қалды.
Фото: instagram.com/lenarybakina
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).