АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Недовесов Аустралия ашық чемпионаты іріктеу турнирінің жартылай финалында испаниялық Педро Мартинеспен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 193-орында тұрса, қарсыласы 160-сатыға жайғасқан-ды.
Біршама тартысты өрбіген матч барысында бірінші партияны А.Недовесов 6:4 есебімен ұтты.
Екінші сет тай-брейкке дейін созылып, онда испаниялық спортшы 7:4 есебімен басым түсті.
Үшінші партияда П.Мартинес бет қаратқан жоқ деуге болады - 6:1.
Бәсеке 2 сағат 24 минутқа созылды.
Осылайша А.Недовесов іріктеу турнирінің финалына шыға алмады. П.Мартинес негізгі жарысқа жолдама алу үшін америкалық Кристофер Юбэнкспен шеберлік байқасады.
Аустралия ашық чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстаннан ешкім қалған жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Недовесовтің іріктеу жарысын сәтті бастағанын, әйтсе де одан кейін қос қазақстандық теннисшінің жеңіліп қалғанын, ал Сиднейде Юлия Путинцеваның US Open жеңімпазын ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).