Аяқ киімге смартфон жасырып, ҰБТ-ға кірмек болған талапкер анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық тестілеу орталығы биылғы ҰБТ кезінде талапкерлердің тыйым салынған заттарды алып өтудің түрлі амалын қолданғанын айтты.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекованың айтуынша, талапкерлер жыл сайын смартфон мен өзге де тыйым салынған заттарды жасырудың жаңа тәсілдерін ойлап табады.

— Биыл смарт-көзілдірікпен тестілеуге кіруге әрекет жасалды. Сондай-ақ телефонды шашқа арналған резеңкенің ішіне жасырып әкелмек болғандар да кездесті. Ерекше жағдайлардың бірі — бойы аласа талапкердің 43 өлшемді аяқ киіммен келуі болды. Тексеру барысында аяқ киімнің ішіне смартфон жасырылғаны анықталды, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерді академиялық адалдық қағидаларын сақтап, тестілеуге тыйым салынған заттарды алып келмеуге шақырды.

Еске салайық, 2026 жылғы негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Осы кезеңде тестілеуге 233 мың талапкер қатысып, екі мүмкіндік аясында емтихан 422 мың рет тапсырылды.

ҰБТ барысында 890 құқық бұзушылық анықталды. Соның ішінде смартфон, шпаргалка және өзге де тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 522 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.