Азия чемпионатында Жазира Орақбаева жартылай финалға жолдама алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық Жазира Орақбаева жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ж. Орақбаева 52 келіге дейінгі салмақта оңтүстіккореялық Ким Чае Вонмен жұдырықтасты. Қазақстандық боксшы үш раунд бойы жақсы өнер көрсетті. Сөйтіп, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Бұл – Жазира кемінде қола жүлдеге ие болады деген сөз.

Қазақстандықтардан бүгін Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова (57 кг), Аида Әбікеева (63 кг), Дариға Шәкімова (70 кг), Валентина Хальзова қарсыластарымен қолғап түйістіреді.

Сондай-ақ, кешкі сессияда әлем чемпионы, Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов рингке шығады. Оның қарсыласы – малайзиялық Гайюм Ариффин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Назым Қызайбайдың Азия чемпионатының ¼ финалына өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, бокстан Азия чемпионатында Дулат Бекбауов ширек финалға жолдама алды. Асланбек Шымбергенов қарсыласын нокаутпен жеңді. 19 жастағы Санжар Тәшкенбай өзбекстандық боксшыны ұтты.

Жалпы, бүгін қазақстандық 6 боксшының бақ сынайтыны хабарланды.




Ашық көздерден алынған фото