Басшысын пара беруге көндірген ақтөбеліктің ісі сотқа түсті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жеке компания басшысы қызметкеріне алданғанын түсінген кезде оны ұстап берді. Сотталушы алғашында 100 млн, кейін 50 млн теңге пара беруге көндірген. Айыптау актісі бүгін сотта оқылды.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жеке компанияның қауіпсіздік қызметі жөніндегі бастығына қатысты іс қаралып жатыр. 41 жастағы ақтөбелікке Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» және «Пара беру» баптары бойынша айып тағылды. Ол жұмысқа 2024 жылы кіріседі.

Құқық қорғау органдарында тәжірибесі бар маман басшымен жақын араласқан. Тіпті басшысының бұрынғы әйелімен арада болған азаматтық, қылмыстық істері сотта қаралған кезде жанында жүреді. Ал басшысы сыйақы тағайындауға уәде еткен. Сот аяқталған соң келісім негізінде сыйақы да сұрайды. Алайда қызметтік пәтер мен 2,5 млн теңге несие қарызын өтегенін айтып, келісімнен бас тартады.

- Аса ірі мөлшерде ақша иемденуге және лауазымды тұлғаларға пара беруге айдап салуға бағытталған қылмыстық құқықбұзушылық жасау ойы туындайды. ҚР ҰҚК тарапынан жедел тергеу жүргізіліп жатқаны әрі жақын уақытта қылмыстық іс қозғалатыны туралы көрінеу жалған хабарлама жіберуді көздейді. Құрылтайшыларға қаржылық бұзушылықтар анықталғаны туралы жалған хат дайындайды. Әрі осы хатта 2020-2025 жылдар аралығын қамтитын құжаттарды ұсынуды сұрайды. Хатқа өзі ойдан шығарған аға тергеушінің аты-жөнін жазады. Кейін тіркелмеген байланыс нөмірі арқылы компанияның заңгеріне қоңырау шалып, ҰҚК атынан дайындалған деген жалған хатты жолдады. Заңгер басшысына жеткізіп, компания басшысы өзі сенім артқан қауіпсіздік жөніндегі басшыға айтады. Кейін басшы жалған хатта көрсетілген құжаттарды алып, ҰҚК барады. Алайда іс қозғалмағанын, хатта көрсетілген тергеушінің мүлде жоқ екенін білді,- деді мемлекеттік айыптаушы сотта.

Әрі қарай сотталушы танысын осы іске араластырып, оны ҰҚК қызметкері деп таныстырады. Кездесуде 100 млн теңге мөлшерінде пара талап етіп отырғанын хабарлайды. Өзі делдал болатынын айтқан.

- Жәбірленуші оның талаптардың заңсыз екенін түсініп, ҰҚК департаменіне өзі арыз жазады. Жасырын тергеу жүргізу кезінде жәбірленуші пара сомасын 50 млн теңгеге дейін төмендетуді сұрап, келіскен. 2026 жылдың қаңтар айында бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде алдау және сенімге қиянат жасау арқылы иемденуге оқталу, сондай-ақ лауазымды тұлғаларға пара беруге айдап салуға бағытталған қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізу мақсатында 22 млн теңге, оның ішінде 20 млн теңге муляж, 2 млн теңге жәбірленушіге тиесілі ақшаны алады. Ақшаны алғаннан кейін оны ҰҚК департаментінің қызметкерлері ұстады. Тінту жүргізу барысында ақша қызметтік кабинеттен табылды, - деді мемлекеттік айыптаушы. 

Айта кетейік, ҰҚК көліктегі полиция қызметкерінің ұсталғанын растады. Қызметкердің есірткі тасымалына қатысы болуы мүмкін.