Батыс Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қалай жүргізіліп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы қалай жүргізіліп жатыр? Жоспардың орындалу барысы, қаражаттың игерілуі және т.б. мәселелер төңірегінде Kazinform тілшісі зерделеп көрді.
Материал қымбат болса, мердігерге де қиын
БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашевтің мәлім еткеніндей, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бюджет қаражаты есебінен 5 көпқабатты (628) және ауылдарда 25 тұрғын үй (218) немесе барлығы 846 пәтер пайдалануға берілді. Соның ішінде «Отбасы банк» АҚ салымшылары үшін 5 көппәтерлі және елді мекендерде 20 тұрғын үй (барлығы 748 пәтер) бой көтерді. Ал жергілікті атқарушы орган кезегінде тұрғандарға ауылдарда 4 үй (96 пәтер) салынды.
Нұркен Еділұлының сөзіне қарағанда, сонымен қатар республикалық бюджет есебінен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін облыс бойынша 805 пәтер сатып алынса, соның 188-і Орал қаласының үлесіне тиеді.
Өткен жылы тұрғын үй құрылысына барлық қаржыландыру көздерінен 30 млрд теңге бөлініп, қаражат толығымен игерілді.
Басқарма басшысының берген мәліметіне қарағанда, Қазақстанда кейінгі жылдары құрылыс материалдары құнының өсу үрдісі байқалады. Бұл бірнеше факторға байланысты. Алдымен валюта бағамының ауытқуын айтуға болады. Құрылыс материалдарының бір бөлігі импортталатындықтан, теңге бағамының долларға және басқа валюталарға қатысты өзгеруі құнға әсер етуі мүмкін. Сол секілді қуат көздеріне, әсіресе, газ бен электр энергиясына бағаның өсуі өндіріс шығындарын көбейтіп, материалдардың құнына тікелей ықпал етеді. Логистикалық мәселелер де бар, жаһандық жеткізу тізбегіне байланысты жеткізілім үзілістері бағаның өсуіне әкелуі мүмкін. Оған қоса белгілі бір кезеңде, мысалы, белсенді даму немесе инфрақұрылымды дамыту мерзімінде құрылыс материалдарына сұраныс көбейеді. Бұл да бағаға әсер етпей қалмайды.
— Мұның бәрі мердігерлер үшін қосымша қиындықтар тудырады. Біріншіден, сметалар мен келісім-шарттардағы бағалардың тұрақсыздығын ескеру қажет, бұл бюджетті асыра пайдалану тәуекелдеріне соқтыруы мүмкін. Екіншіден, материалдар бағасының өсуі, әсіресе, ұзақ мерзімді жобалар жағдайында уақыт пен шығындарды жоспарлауды қиындатады. Мұндай жағдайларда мердігерлер келісім-шарттардың мерзімдері мен шарттарын сақтауда кедергілерге тап болуы ықтимал. Соның ішінде жұмыс құны жоспарланған бюджеттен едәуір жоғары болса, мұны еңсеру оңайға түспейді, - дейді Н.Молдашев.
Баспана мәселесі әлі де өзекті
БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашевтің пайымдауынша, Қазақстанның басқа өңірлеріндегідей, Батыс Қазақстан облысында тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып қала береді. Дегенмен жағдай қалалар мен аудандарда әр түрлі. Соңғы жылдары көппәтерлі үйлердің де, жеке тұрғын үйлердің де құрылысы өсуде, бұл азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламаларды іске асырумен байланысты.
— 2025 жылы көппәтерлі 21 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланса, соның 19-ы өткен жылдан ауысқан, екеуі жаңа жоба болмақ. Атап айтқанда, Оралда — 5, Ақсай қаласында — 2, Теректі ауданы Подстепный ауылында 14 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Оған қоса, 2025 жылға халықтың әлеуметтік осал топтары үшін республикалық бюджет есебінен 205 пәтер алуға 2,8 млрд теңге қарастырылған, - дейді Н.Молдашев.
Оның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі жыл сайынғы несиелік пен жалдамалы тұрғын үйлер құрылысы және сатып алуды жүзеге асыру арқылы шешілуде.
— Облыста «Наурыз», «Отау» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары тиімді іске асырылуда. Алайда, бұл тұрғын үй кезегінде тұрғандардың санын 3-4 пайызға ғана азайтады. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін тұрғын үйлер құрылысына бөлінетін жыл сайынғы қаражат көлемін ұлғайту қажет, - деп есептейді Н.Молдашев.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев келтірген мәліметке қарағанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар ішінен 588 адам пәтермен қамтылса, соның 556-сы — әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар.
Биылғы 1 қаңтардағы ақпарат бойынша тұрғын үй кезегіне 31 877 адам тіркелсе, соның 19 210-ы — әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар.
БҚО-да тұрғын үй кезегінде тұрғандардың көптігін бұдан бұрын да жазған едік. Өткен жылғы 30 мамырда «Батыс Қазақстанда 31 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр» деген тақырыппен жарияланған ақпаратта кезекте тұрғандар саны 31 685 екендігі көрсетілген. Содан бері олардың саны азаймай, қайта көбейе түскендігін байқауға болады.
Қ.Өмірәлиев күні бүгін әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған баспанамен қамтамасыз ету қарастырылғанын айтады.
Атап айтқанда, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй алуға жылдық 2 пайыздық мөлшерлемемен ипотека алуға мүмкіндік береді.
Бұған мына топтар кіреді:
— бірінші және екінші топтағы мүгедектер;
— мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
— кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жиырма тоғыз жасқа жетпеген жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
— «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар көп балалы аналар, көп балалы отбасылар.
— Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы санатындағылар ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна мөлшерінің бір бөлігін жергілікті атқарушы орган беретін тұрғын үй сертификатымен жаба алады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 2025 жылға 290 млн теңге бөлінді, - дейді Қ.Өмірәлиев.
Тұрғын үй саласындағы өзгерістер қандай?
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары тұрғын үй саласындағы өзгерістерге тоқталды. 2024 жылғы 22 қарашадағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғынжай еліміздің азаматтарына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкес табыс етіледі. Осы Заңға сәйкес азаматтарға сатып алу құқығымен жалға берілген тұрғын үйлерді және апатты деп танылған жалғыз баспананы жекешелендіруге рұқсат берілді.
— Сонымен қатар осы Заң аясында 2025 жылғы 24 мамырға дейін Орал қаласы және аудан әкімдіктері тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар бойынша түгендеу жұмысын жүргізулері қажет. «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» 2025 жылғы 24 мамырдан кейін «Отбасы банк» АҚ-ның құзырында болады. Оның электрондық базасы тұрғынжайға мұқтаждар есебіне кезекке қояды және тұрғынжайды беретін болады. Жергілікті атқарушы органдар құзырында тұрғын үй құрылысын салу және сатып алу міндеттері қалады, - деп нақтылады Қ.Өмірәлиев.
«Отбасы банк» АҚ БҚО филиалының директоры Нұржан Қалишановтың хабарлағанындай, өткен жылы барлық бағдарламалар аясында салымшылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 3 464 займ берілген. Займдардың жалпы сомасы 51 млрд тенгеден асады.
Соның ішінде былтыр басталған «Отау» және «Наурыз» ипотекалық бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 11,8 млрд теңге болатын 570 займ иесін тапты.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың қараша-желтоқсан айларында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» (мемлекеттік бағдарлама) аясында жалпы саны 390 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы аяқталып, жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банкке» өткізілді.
— Тұрғын үйлер Орал қаласының жаңадан салынып жатқан «Ақжайық» шағынауданында орналасқан. Бұл үйлерде 1,2,3 бөлмелі таза әрлеудегі пәтерлер облысымызда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған. Бөлінген пәтерлердің 60 пайызы, яғни 234 пәтер 2-10-20 бағыты бойынша (көпбалалы аналар мен отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасылар, 1 және 2 топ мүгедектері, жетімдер санаттары бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған), 40 пайызы немесе 156 пәтер 5-10-20 (өзге санаттар бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтар) бағыттары бойынша бөлінді. Қазіргі таңда аталған үйлер бойынша конкурстар өткізіліп, тұрғындармен несиелерін рәсімдеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді Н.Қалишанов.
Міне, Батыс Қазақстанда тұрғындарды баспанамен қамту жайы осындай.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау, сондай-ақ баспананың санына емес, сапасына, қолжетімді болуына назар аудару қажеттігін атап көрсетті. Ендеше, бұл бағытта атқарылатын іс те аз емес.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Ақжайық» шағынауданы қалай салынып жатқанын жазған едік.