Батыс Қазақстанда жөндеуге байланысты республикалық жол бөлігі жабылады

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы (0-36 км) автожолын қайта құру жұмыстары жалғасуда.

Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалынан мәлім еткеніндей, аталмыш жоба аясында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме «Казкомсервис» ЖШС құрылыстың негізгі кезеңіне кіріседі.

Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы

— Осы себептен 12 ақпаннан бастап құрылыс уақытында Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы («Сырым» өткізу бекеті) жолының 262 шақырымындағы бөлігі, атап айтқанда, трассаның Атырауға қарай бұрылатын тұсы жабылады. Көлік қозғалысы уақытша айналма жолмен ұйымдастырылатын болады, — деп хабарлады ведомстводан.

Ақтөбе-Орал жолының аталған бөлігі Теректі ауданы Подстепный ауылы маңында, Орал қаласына қарасты Зачаган кентіне қарай бұрылар тұста орналасқан. 

Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол салуда қандай бағыттарға басымдық берілетінін жазған едік.