АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысына Маңғыстау мен Алматыдан құтқарушылар көмекке аттанды.
ҚР ТЖ министрлігінен мәлім еткеніндей, көктемгі су тасқынына байланысты авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге жәрдемдесу үшін Батыс Қазақстанға Маңғыстау облысы ТЖД күштері мен құралдары жіберілді.
Министрліктің Telegram каналындағы парақшасында жарияланған бейнежазбада маңғыстаулықтарға қызметтерін абыроймен атқарып, елге аман-сау оралу туралы тілек айтылған. Осылайша, аймақтың жедел құтқару тобы Батыс Қазақстан облысына кетті.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің әскери-көліктік авиациясы Алматыдан ҚР ТЖМ 28237-әскери бөлімінің қызметшілерін тасымалдады. Қосымша күштер Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынының салдарын жоюға бағытталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында 350-ге жуық адам эвакуацияланды.
БҚО-ның Қаратөбе, Теректі аудандарында төтенше жағдай жарияланды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).