Ол жүктейтін бейнероликтер қарапайым болғанымен, шынайылығының нәтижесінде мыңдаған жандардың жүрегін жаулады.
Жер жаннатты — Баянауыл жайлы бейнеақпарат іздеген көпшілік Instagram-дағы @bayanaul_vibe парақшасына үңілетінін жиі байқап жүрміз. Мұнда Арқадағы ерекше жаратылыс, тасын түртсең, тарихы сөйлей жөнелетін құтты мекеннің табиғаты, күмістей жарқыраған көлдер, таумен таласа өскен орман-тоғай, Ақбеттаудың баурайын мекен еткен жабайы жануарлар, тағысын-тағы табиғат бөлшектерін тамашалауға болады.
Осының барлығын ерінбей-жалықпай түсіруге дағдыланған Таисия аудан орталығында Шапық Шөкин атындағы № 2 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Айтуынша, бала шағынан табиғатқа аңсары ауып тұрады екен. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен қоршаған ортаға қамқорлық оны осыдан бірнеше жыл бұрын мобилография саласына алып келген. Ол — кәсіби мобилограф емес. Дейтұрғанмен, жұмыстан бос уақытында туған жерінің әсем жерлеріне арнайы барып, телефонының камерасына түсіріп алуды күнделікті әдетіне айналдырған. Кей роликтерге өзі мәнерлеп оқыған өлеңдерінің аудиосын қоса ұсынады.
Оны Баянауылдағы туристік аймақтардың өз алдына дами алмай отырғаны да мұңайтады. Жасыбай демалыс аймағында қарапайым дәретханалардың жетіспеушілігі, сервистің нашарлығы, абаттандыру жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілуіне тұрғын ретінде жаны ашитынын жеткізді. Бұл осы іске жауапты органдар мен жекелеген лауазымды тұлғалардың үйлестіре алмауынан, жауапкершілік пен бақылаудың әлсіздігінен деп ойлайды. Осы орайда халқымыздың «Қалауын тапса, қар жанады» деген нақылын еске салды.
Таисия бүгінде отандық актер әрі продюсер Нұрлан Қоянбаев Instagram-да жариялаған #Qazalemi байқауына қатысып жатыр. Аталған хэштегте оның бірнеше фотосуреті пен видеолары жарияланды.
Еске сала кетейік, туған жердің қысқы көріністері бойынша Нұрлан Қоянбаев жариялаған байқау кең таралып жатыр.
Бұған дейін Кентау тұрғыны қаланың қысқы көрінісі бейнеленген суреттер жариялады.
Сонымен қатар, Төлеби тұрғыны туған жердің табиғатын әлеуметтік желі арқылы танытып жүр.
Ал Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында тұратын мемлекеттік қызметші Ұлан Сайтмұхаев #Qazalemi хэштегімен қысқы көріністерден бірнеше видео жариялады.