«Байтақ» партиясы сайлау қорытындысын қабылдайтынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — «Байтақ» жасылдар партиясының өңірлік филиалдарының өкілдері экзитпол қорытындысы бойынша жарияланған Құрылтай сайлауының алдын ала нәтижелеріне қатысты пікір білдірді.

Фото: «Байтақ» партиясы

Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы партия өкілдері азаматтардың таңдауын мойындайтынын және саяси жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді. Сонымен қатар олар сайлау нәтижелерін талдап, партия ішіндегі жұмыс тәсілдерін жаңарту қажеттігін атап өтті.

«Байтақ» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Тұрсынбек Байтеміров Facebook-тегі парақшасында видеоүндеу жариялап, сайлаушылардың таңдауына құрметпен қарайтынын және жарияланған алдын ала нәтижелерді қабылдайтынын айтты.

 — Алдағы уақытта бүгінгі нәтижені ескере отырып, өз ұстанымымыз бен бағдарламамызды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Қоршаған ортаны қорғау, таза су мен таза жер мәселелері бойынша нақты шешімдер қабылдануына күш саламыз. Жұмысымызды жетілдіріп, келесі сайлауға дайындаламыз, — деді Байтеміров.

Ол партияны қолдаған азаматтарға алғыс айтып, «Байтақтың» өз жұмысын жалғастыратынын атап өтті.

Партияның Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Сейфул-Мәлік Қазитов сайлау нәтижелеріне сыни тұрғыдан баға берді. Оның айтуынша, экзитпол көрсеткіштері партия күткен нәтижеден төмен болған. Алайда «Байтақ» сайлаушылардың таңдауын мойындап, дауыс беру қорытындысын қабылдайды.

Қазитов Құрылтайға өткен партияларға азаматтардың сенімін ақтап, тиімді жұмыс істеуін тіледі. Оның айтуынша, Құрылтайдағы жұмыс қоғам алдында үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Сонымен қатар ол партия ішінде ішкі талдау жүргізуге шақырды. Оның пікірінше, сайлау науқаны барысында «Байтақтың» барлық мүмкіндігі толық пайдаланылмаған және партияның кейбір идеяларын сайлаушыларға жеткізуге мүмкіндік болмаған.

Қазитов партияның басқару жүйесін реформалап, партия төрағасын ротациялау қажеттігін айтып, партия мүшелерін ұйымды жаңғырту жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі Айман Сексенова да экзитпол нәтижелері «Байтақ» партиясы күткен көрсеткіштен төмен болғанын айтты.

Оның сөзінше, өңірдегі сайлау учаскелерінде партия атынан 200-ден астам байқаушы жұмыс істеген. Сексенова сайлаудың әділ өткенін айтып, партия азаматтардың таңдауын қабылдайтынын мәлімдеді.

Ол Құрылтайда өкілдік ету құқығына ие болған саяси күштерге тиімді жұмыс істеп, сайлаушылардың сенімін ақтауға тілектестік білдірді.

Сонымен бірге Сексенова сайлау нәтижелері партияның ішкі жұмыс тәсілдерін қайта қарауға себеп болуы керек деп санайды. Ол партияның сайлауалды бағдарламасын талдап, оны партия мүшелерімен бірге талқылауды ұсынды. Сондай-ақ «Байтақ» мүшелерін партияны жаңғырту жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

Осылайша, «Байтақ» партиясының үш өңірлік филиалының өкілдері сайлаудан кейін де саяси қызметті жалғастыратындарын мәлімдеді. Қарағанды және Ақтөбе облыстарында партия ішіндегі өзгерістер мен жұмыс тәсілдерін қайта қарау қажеттігі ашық айтылса, Батыс Қазақстан облысында экологиялық мәселелерге басымдық беріп, алдағы саяси жұмысқа дайындықты жалғастыруға мән берілді.

Бұған дейін «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлау қорытындысы бойынша сайлаушыларға үндеу жасады.

Сондай-ақ Respublica партиясы exit poll нәтижелеріне қатысты пікір білдірді.

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов сайлаудың ашық әрі ұйымдасқан түрде өткенін атап өтті.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов сайлаудың алғашқы нәтижесіне пікір білдіріп, халықтың сенім мандатына ие болғандарын айтты.

Сонымен қатар «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева сайлау нәтижесіне қатысты мәлімдеме жасап, сайлау ашық әрі әділ өткенін алға тартты.

Қазақстанның Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов сайлау қорытындысына қатысты үндеу жасады.