Король Филипп тақ мұрагері кезінде Қазақстанға үш рет келген. 2002 және 2009 жылдары ол бельгиялық ғарышкер қатысқан ғарыш миссияларының ұшырылымын көру үшін Байқоңырға барған. Ал 2010 жылы Қазақстанға келген экономикалық делегацияны басқарған. 2021 жылы Бельгияға барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен.
Бельгия елшілігінің мәлімдеуінше, сапар бағдарламасы төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар – аса маңызды пайдалы қазбалар, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, сондай-ақ тарих пен мәдениет.
Сондай-ақ Бельгиядан Қазақстанға 110 адамнан тұратын делегация келеді. Оның құрамында төрт министр, 25 компания басшысы, 10 университет ректоры және 13 журналист бар. Делегация құрамының ауқымды болуы Бельгия тарапының алдағы сапарға жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді.
Бельгияның федералдық үкіметінің атынан Көлік министрі Жан-Люк Крюке қатысады. Ол көлік қатынасы, климат және экологиялық трансформация мәселелеріне жауап береді. Одан бөлек, Брюссель астаналық өңірінің министр-президенті Борис Дильес, Валлония өңірінің министр-президенті Адриен Долимон және Фландрия үкіметінің министрі Сильтье Ван Ахтер де бар.
Бельгия королі мен королевасы Астана мен Алматыда қайда барады
Бельгия монархтарының мемлекеттік сапары Ақордада өтетін ресми қарсы алу рәсімінен басталады. Одан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізеді.
Бұдан соң король мен королева Астана мен Алматыдағы мәдениет және ғылым нысандарын аралап, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа арналған кездесулерге қатысады.
Сапар бағдарламасындағы маңызды нысандардың бірі – Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығы. Онда тараптар денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайды.
Қазақстанның Ұлттық музейінде қонақтарға бельгиялық әйгілі суретші Джеймс Энсордың көрмесі ұсынылады.
Ал Назарбаев университетінде – аса маңызды пайдалы қазбалар саласындағы Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастығына арналған дөңгелек үстел өтеді. Сондай-ақ Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы ұйымдастырылады.
Alem.AI орталығында – Бельгия королі мен королевасы Сингулярлық музей мен TUMO мектебін аралайды. Мұнда Қазақстан мен Бельгия университеттері ректорларының форумы да өтеді. Онда жасанды интеллектіні ғылым мен білім беру саласында қолдану мәселелері талқыланады.
Мемлекеттік сапар аясында корольдік жұп Алматыға да барады. Қаладағы сапар бағдарламасына Ядролық физика институтына бару енгізілген. Онда тараптар ядролық медицина саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырады.
Сонымен бірге, король мен королева Almaty Museum of Arts өнер музейін аралайды.
Қазақстан мен Бельгия саудасы
Қазақстан Бельгияға негізінен өсімдік тектес өнімдер, соның ішінде зығыр тұқымын экспорттайды. 2025 жылы зығыр тұқымы экспортымыздың жартысына жуығын құраған. Оның құны 74,6 млн еуроға жетіп, жалпы экспорттың 46,2%-ын алады. Екінші орында минералдық өнімдер – 61,1 млн еуро (37,9%), үшінші орында бағалы емес металдар – 14,2 млн еуро (8,8%).
Бұдан бөлек, Қазақстан Бельгияға химия өнеркәсібі өнімдерін, тоқыма бұйымдарын және басқа да тауарларды жеткізген. Бұл деректер Бельгияның Сыртқы сауда агенттігінің мәліметтерінде келтірілген.
Ал Қазақстан Бельгиядан негізінен химия және фармацевтика өнімдерін, әсіресе дәрі-дәрмек пен вакциналарды сатып алады. 2025 жылы бұл тауарлар импортымыздың 48,4%-ын құрап, жалпы құны 292,5 млн еуро болды.
Сондай-ақ Қазақстан Бельгиядан өнеркәсіптік жабдықтар мен техника бөлшектерін (92,2 млн еуро немесе 15,3%), көлік құралдарын, соның ішінде жүк тартқыштары мен жеңіл автомобильдерді (77,1 млн еуро немесе 12,8%) импорттаған.
Екі ел арасындағы сауда көлемі өсіп келеді. 2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанның Бельгияға экспорты 12,3%-ға өсіп, 44,7 млн еуроға жетті. Ал Бельгияның Қазақстанға экспорты 9,2%-ға артып, 147,4 млн еуроны құрады.
Еске сала кетсек, маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия корольдігіне ресми сапармен барды.
Сол кезде Қазақстан мен Еуропалық Одақ қандай құжаттарға қол қойды.