Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 5 айда шетелдік туристердің саны 27,3%-ға өсті. Саяхатшылардың көбі Қырғызстан (1,5 млн адам), Қазақстан (1,2 млн адам) және Тәжікстаннан (1,2 млн адам) келген.
Сондай-ақ, Ресей (465 мың адам), Ауғанстан (198 мың адам) және Қытай (178 мың адам) азаматтарының үлесі басым.
Комитеттің мәліметінше, саяхатшылардың көбі Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалаларының көрікті жерлерін аралаған.
Қоса кетсек, таяуда Өзбекстан Мемлекеттік кеден комитетінің Стратегиялық жоспарлау және кедендік рәсімдерді оңтайландыру басқармасының бастығы Фарход Олимжонов Kazinform агенттігіне сұхбат беріп, саяхатшылар қаперде ұстауы тиіс ережелерді айтқан еді.
Сондай-ақ, биыл наурызда Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан «Атамекен - Сырдария» кедендік бақылау бекеті жөндеуден кейін қайта ашылды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Centrum Air әуе компаниясының ұшақтары 13 маусымнан бері «Ташкент - Қостанай - Ташкент» бағыты бойынша рейс орындап жатыр.