Биыл Ақтөбеде 24 жаңа мектеп қолданысқа беріледі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысындағы мектептерде орын тапшылығы 19 мыңға жетті. Биыл өңірде 24 мектеп пайдалануға берілуі тиіс.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбеде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 18 мектеп салынады. Оның 14-і биыл қолданысқа беріледі. Облыста тағы 10 мектептің құрылысы қатар жүріп жатыр. Оған қаржы жергілікті бюджеттен бөлінген. Облыс әкімі Асхат Шахаров білім беру орындары салынып жатқан құрылыс алаңында болды. Оның екеуі — Есет батыр тұрғын алабында орналасқан. Мұнда әрқайсысы 2000 орындық заманауи мектеп бой көтеріп жатыр. Тағы біреуі Бауырластар-3 тұрғын алабында орналасқан 600 орындық мектеп. 

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

— Мектептерді уақытылы қолданысқа беру және нысанды инфрақұрылымға қосуда еш кедергі болмауы тиіс. Жаңа оқу жылында халық игілігіне береміз деп отырған білім ордалары бірінші қыркүйекке дайын болуы керек. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Сол себепті жұмыс орындары құрылады, кадр тапшылығы болмауы қажет. Ең бастысы — жақын маңда тұратын тұрғындар мектеп құрылысының біткенін күтіп жүр. Соны естен шығармау керек», — деді облыс әкім Асхат Шахаров мердігерлерге. 

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 18 мектептің төртеуі 2 мың орындық. Көбі халық тығыз орналасқан шағын аудандарда орналасқан. Құрылыс жұмыстарына барлығы 91 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылды. 

— Ақтөбеде 19 мың орын тапшылығы мәселесі бар. Салынып жатқан мектептер үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге септігін тигізеді, — деді Ақтөбе облыстық Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.