Былтыр 4100 суық қаруға ұқсас зат тәркіленді — ІІМ

Фото: ҚР ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр ел аумағында заңмен тыйым салынған қару-жарақ айналымын анықтау мақсатында 400-ден астам рейдтік іс-шара өткізілді. Оның ішінде онлайн-платформаларға жүргізілген мониторинг те бар. 

— Рейдтік іс-шаралар барысында суық қаруға ұқсас 4 100 зат тәркіленіп, олардың 240-ы суық қару деп танылды, — деді Ішкі істер министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берілген жауапта.

ІІМ мәліметінше, анықталған фактілер бойынша Қылмыстық кодексінің 287-бабы (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), 288-бабы (қаруды заңсыз жасау), сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 482-бабы бойынша қылмыстық және әкімшілік істер қозғалған.

Айта кетейік «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңға сәйкес ұшы 90 миллиметрден асатын, батырманы немесе тұтқаны басу арқылы автоматты түрде сабынан шығатын және бекітілетін, сондай-ақ ауырлық күші немесе шапшаң қозғалыс есебінен жылжитын пышақтардың айналымына тыйым салынған.

Сонымен қатар суық қаруды заңсыз алып жүру немесе өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін айыппұл салу немесе қамауға алу түріндегі жаза көзделген.

— Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес қоғамдық орындарда тұрмыстық мақсаттағы заттарды — ас үй пышақтарын, балталарды және өзге де сұқпалы-кесетін құралдарды сақтау мен алып жүргені үшін жауапкершілік белгіленбеген, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында медициналық мекемеде пышақ жарақатынан 44 жастағы ер адам көз жұмды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайғылы жағдай тұрмыстық жанжал салдарынан болған.

Еске салсақ, Шымкентте көлік жүргізушілер мен жолаушылар арасында жанжал шығып, соңы жаппай төбелеске ұласқан. Оқиға салдарынан 40 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілді. Аталған қылмысқа қатысы бар төрт күдікті ер адам анықталып, ұсталды. Оқиға бойынша «адам өлтіру», «бұзақылық» және «адамды ұрлау» баптарымен қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар Шымкентте 21 жастағы қызды пышақтап өлтірді деген күдікті ұсталған еді.