Бір аптада Қазақстанда 2700-ден астам қылмыс тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен аптада Қазақстанда 2754 қылмыс тіркелген. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдегі криминогендік жағдайға тоқталайық, бір апта ішінде 2754 қылмыс жасалды, оның 1670 тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 8 кісі өлтіруді, 1 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 40 тонау және 376 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі апталық онлайн брифингіде.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі еліміздегі көші-қон жағдайын баяндады және биыл Қазақстанға 5 миллионнан астам шетелдік келген. Олардың басым бөлігі Ресей Федерациясынан келген – 2 миллион 900 мың адам ел аумағына кірген. Екінші орында – Өзбекстан (2 миллион 300 мың адам) тұр.