Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсаловтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, мониторинг барысында сондай-ақ 153 мемлекеттік қызметшіге тиісті 13,5 млн теңгенің іссапар сомасы уақытылы берілмеген.
Мұрат Сейілбекұлының сөзіне қарағанда, мысалы, дербес мемлекеттік қызметшілерге іссапар сомалары 1 айдан, кейбір жағдайларда, тіпті 3 айдан кейін төленген.
— Бұл мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын өрескел бұзу болып есептеледі. Өйткені мұндай бұзушылықтар олардың өз қаражаттарын жоюына алып келеді әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатады. Шын мәнісінде төлем іссапар алдында жасалуы тиіс. Қазіргі таңда аталған төлемдер толықтай өтелді, — деді М.Байсалов.
Оның айтуынша, департаментпен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 653 адамның құқығы қорғалды.
Сол секілді мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәселелері бойынша 348 өтініш түсіп, соның 20-сы бойынша келтірілген дәлелдер ішінара және толық расталды. Соның ішінде 7 арыз иесінің құқығы қалпына келтірілді.
Мәселен, департаменттің араласуынан кейін Т.Бектеновтың 2026 жылғы 17 шілдегі шағымын қарау нәтижесінде «Алим» жеке кәсіпкеріне қолданыстағы заңнаманың талаптарына сай туристік қызмет объектілерін салу, реконструциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігі өтелді. Атап айтқанда, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы кәсіпкерге 20 млн теңге төледі.
Департамент мәліметіне сәйкес биылғы тоғыз айда тексеру шаралары нәтижесінде 43 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Соған жол берген кінәлі 38 лауазымды тұлға әкімшілік, ал қызмет берушілердің 37 қызметкері түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мемлекеттік органдарда 219 жақын туыстың бірге жұмыс істейтіні анықталғанын жазған едік.