ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 13 желтоқсан күнгі боранда Жәнібек ауданында екі малшы жоғалып кетіп, кейін денесі табылған болатын.
БҚО бойынша еңбек инспекциясы департаментінен мәлім еткеніндей, осы оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеді. Комиссия отырысына жұмыс беруші – шаруа қожалығының басшысы, облыстық кәсіподақтар орталығының өкілі қатысты.
- Тергеп-тексеру аясында жазатайым оқиғаның себебі мен заң бұзушылықтар анықталды. Болған жағдай үшін жауапкершілік 100 пайыз жұмыс берушіге жүктелді. Материал БҚО Полиция департаментіне жіберілді, - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Жәнібек ауданының полиция бөлімінде қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін заңнамада көзделген тәртіппен тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да боранда жоғалып кеткен үш адамның денесі табылғанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да тағы бір ер адамның денесі табылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).