БҚО-да коронавирус жұқтырған соңғы 6 науқас та Теңіз кен орнынан келген

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған соңғы 6 науқас та Теңіз кен орнынан келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімдігі мәлім еткеніндей, олардың барлығы да – Теңіз кенішінде жұмыс істейтін облыс тұрғындары.

Атырау облысынан келуіне байланысты карантиндік стационарға жеткізілген. Зертханалық сынама алынғаннан кейін бәрінің коронавирус жұқтырғаны анықталып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Сырқаттанғандармен қарым-қатынаста болғандар медициналық бақылауға алынып, ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 224-ке жетіп, соның 80-і емделіп шықты. Коронавирус жұқтырғандардың басым көпшілігі – Ресейден келгендер. 27-сі – Теңіз кен орнында жұмыс істейтін өңір тұрғындары.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Теңіз кен орнынан келген тағы бір адамнан коронавирус анықталғанын, тағы сегіз адамның емделіп шыққанын жазған болатынбыз.