ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жүк пойызы қағып кеткен ер адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 9 маусым күні таңға жуық болды.
Сағат 05.00-дер шамасында Орал станциясындағы желілік полиция бөліміне Қазақстан станциясында ер адамды жүк пойызының қағып кеткені жөнінде хабар түскен.
«Темір жол бойында жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексі 344-бабы 1-бөлігі, яғни теміржол көлігі жүрісі немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша Орал станциясы желілік полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы талаптарына сәйкес тергеу мүддесіне орай басқа ақпарат жария етілмейді», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жүк пойызы ер адамды қағып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).