ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО-мен шектесетін Ресейдің Орынбор облысы Пустобаев ауылында су қоймасындағы бөгет бұзылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға бүгін сағат 16.40-та болғаны жөнінде Орынбор облысы бойынша ТЖ министрлігі бас басқармасының дағдарыс жағдайында басқару орталығы хабарлаған.
Қоймадағы су көлемі шамамен 8 млн текше метрді құрайды. Шайылған бөгеттің ені – 7-8 метр. Су Елтышевка, одан Жайық өзеніне құйылады. Жайық өзені Бәйтерек ауданы Январцев ауылдық округі Чинарев ауылының жанымен ағады.
Чинарев ауылында 1 мектеп, 1 медпункт, 1 шекара заставасы, 82 үй бар, мал басын есептемегенде, 223 адам тұрады. Елді мекенге әзірге қауіп төніп тұрған жоқ.
Тасқын судың алдын алу бағытында Чинаревқа арнайы техникалар мен құтқарушылар, жауапты адамдар жіберілген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғындарды көшіру үшін 27 эвакуациялық қосын әзірленгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).