Қала әкімдігінің мәліметінше, 14 тамызда электр желілерінде болған апатқа байланысты қалада сыртқы электрмен жабдықтау уақытша өшірілді. Қазір қаланың басым бөлігінде жарық қайта қосылды.
— Қазіргі уақытта барлық қалалық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданды, — деп хабарлады әкімдіктен.
Сондай-ақ электр энергиясының өшуіне байланысты метрополитен жұмысы уақытша тоқтаған. Метро бекеттерінде электрмен жабдықтау қалпына келтіріліп, рельстерге кернеу берілгенге дейін кіріп-шығу уақытша жабылды. Метрополитен жұмысының қайта жандануы туралы қосымша хабарланады.
Қала әкімдігі стационарлар мен медициналық ұйымдар үздіксіз қызмет ету жоспарына сәйкес жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті. Медициналық мекемелер резервтік электр көздерімен — дизельді генераторлармен қамтамасыз етілген.
— Бірінші кезекте резервтік қуат көзі реанимацияларға, операциялық бөлмелерге, қабылдау бөлімшелеріне, өмірді қамтамасыз ету жүйелеріне және басқа да аса маңызды жабдықтарға берілді. Шұғыл медициналық көмек бекітілген тәртіппен көрсетіліп жатыр, — делінген әкімдік мәлімдемесінде.
Одан бөлек жарық болмаған уақытта «Шымбұлақ» пен «Көктөбедегі» аспалы арқан жолдардың жұмысы тоқтаған.
Алматы халықаралық әуежайы жарықтың сөнуіне қарамастан, резервтік генераторлардың арқасында штаттық режимде жұмыс істегенін хабарлады. Әуежайдың үздіксіз операциялық қызметі қамтамасыз етілген.
Еске салайық, бүгін сағат 14:38 шамасында Алматы мен Алматы облысының басым бөлігінде жарық өшті.
Алматыда жарық өшуіне байланысты 9 балдық кептеліс пайда болды.
Сондай-ақ қалада жарық өшкеннен кейін су беру тоқтады.