Жанабыловтар тағылған айыппен келісе ме — блогердің жұбайы жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Істі ауданаралық соттың судьясы Әділбек Баймаханов қарап жатыр.

Фото: Kazinform

Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаевтың айтуынша, айыпталушылар заңсыз кәсіпкерлік арқылы 274 миллион теңге көлемінде табыс тапқан. Оның 60 миллион теңгесі депозиттік шоттарға салынып, нәтижесінде 560 мың теңге көлемінде қосымша пайда түскені анықталған.

Сот санкциясымен 10 автокөлікке, оның ішінде Lamborghini Urus және Lexus LX 600 көліктеріне, сондай-ақ 17 дана Apple iPhone ұялы телефонына тыйым салынды. Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, тәркіленген мүліктің барлығы «Жаңа бизнес» ЖШС атына тіркелген.

Айыптау актісі жарияланғаннан кейін сот төрағасы айыпталушылардан тағылған айыппен келісетін-келіспейтінін сұрады. Алайда блогерлер бұл сұраққа нақты жауап беруден бас тартты.

— Қазіргі кезеңде бұл сұраққа жауап беруден бас тартамын. Себебі қорғаушыммен бірге өз ұстанымымыз бар. Біз оны сотта жауап беру барысында, барлық куәлардан жауап алынып, іс материалдары толық зерттелгеннен кейін ғана мәлімдейміз. Сол кезде бұл мәселеге қатысты пікір білдіремін, — деді Эльмира Төлегенова.

Еске салайық, Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға Қылмыстық кодекстің 214-бабы (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру) бойынша айып тағылып отыр.

Айта кетейік, 2025 жылы 11 автокөлікті ұтысқа қойып, курс сатқан блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың әрекеті Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі назарына іліккен болатын.

2025 жылғы 26 тамызда Ерболат Жанабыловқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.

Ал 2025 жылғы 16 қазанда блогерлерге қатысты әкімшілік сипаттағы іс қылмыстық өндіріске ауыстырылды.

Алайда 13 наурызда өткен алдын ала сот тыңдалымында Жанабыловтардың адвокаты Гаухар Айтжанова істі прокуратураға қайтаруды сұраған. Сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.