АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Сәкен Бибосынов жартылай финалға өте алмады.
Екі дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов 51 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Асилбек Жалиловпен айқасты.
Қызу өткен жекпе-жектің бірінші раундында төрешілер шешімі бойынша А.Жалилов алда тұрды – 3:2. Екінші кезеңде де ештеңе өзгере қойған жоқ. Қорытындысында жеңіс өзбек боксшысының еншісінде кетті. Осылайша, Бибосынов қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында жарыстың жетінші күні кімдер шығатынын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Санжар Тәшкенбайдың Тәжікстан боксшысын жеңіп, жартылай финалға өткенін хабарлаған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).