Бокстан АЧ: жарыстың жетінші күні рингке кімдер шығады
АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында жарыстың жетінші күні Қазақстаннан бес боксшы ширек финалдық кездесулерін өткізеді.

Азия және әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай 48 келіге дейінгі салмақта тәжікстандық Мехрон Шафиевпен қолғап түйістіреді.
Екі дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов (51 кг) өзбекстандық Асилбек Жалиловпен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Тағы бір әлем чемпионы Махмұд Сабырхан (54 кг) Шри-Ланка өкілі Джаянатх Кумарамен жұдырықтасады
Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) таиландтық Сомчаи Вонгсуваннан өтуге тырысып көреді.
Сондай-ақ Сағындық Тоғамбай (92 кг) өзбекстандық қандасымыз, 2021 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Мадияр Саидрахимовпен айқасады.
Жұма күні ширек финалдық жекпе-жектер мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Жазира Орақбаеваның қарсыласын нокаутқа жібергенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Ұлжан Сәрсенбек қарсыласын айқын басымдылықпен ұтты.
Виктория Графеева тайбэйлік спортшыны нокаутпен жеңді.