АСТАНА. KAZINFORM - Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Сағындық Тоғамбай жартылай финалға шықты.
С.Тоғамбай 92 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық қандасымыз, 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Мадияр Саидрахимовпен кездесті.
Жекпе-жек Сағындықтың айқын басымдылығымен өтті. Тіпті ол екінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді.
Осылайша, бүгін рингке шыққан бес қазақстандық боксшының үшеуі жартылай финалға жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Махмұд Сабырханның қарсыласын екінші рет нокаутпен жеңгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, қазақстандық тағы бір боксшы Азия чемпионатында Мұхамедсабыр Базарбайұлы ширек финалдық жекпе-жегінде қарсыласынан жеңіліп қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).